BANNER

Қазақша күрес – рух күші мен дәстүрге деген құрмет

Сурет: ұйымдастырушылардан

Ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай №35 мекемеде ұлттық спорт түрі — «Қазақша күрестен» жарыс өтті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Іс-шараға 100-ге жуық сотталған азамат қатысып, олар екі салмақ дәрежесі бойынша — 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ санаттарында өзара бақ сынасты. Бұл жарыс нағыз күштің, төзімділіктің және рухтың асқақтығын айқындап қана қоймай, спорт мерекесіне айналды.

Мерекелік іс-шараның құрметті қонақтары ретінде Қарағанды облысы мен Ұлытау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшылығы қатысты. Олар мұндай бастамалардың сотталған азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануына және ұлттық дәстүрлерге құрметпен қарауына ықпал ететінін атап өтті.

— «Мұндай іс-шаралар сотталғандардың рухани-адамгершілік тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Қазақша күрес секілді ұлттық спорт түрлері денені ғана емес, мінезді де шыңдап, тәртіп пен отансүйгіштікті қалыптастырады», — деді Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары.

Жарысты кәсіби төрешілер алқасы бағалады. Қазылар құрамында Абай ауданының бас жаттықтырушысы Иса Орал мен Абай ауданның Спорт комитетінің аға жаттықтырушысы Мәжкен Саяха, қазақша күрестен екі дүркін әлем чемпионы, Еуразияның үш дүркін чемпионы Ерсін Мұхамеджанов, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, белбеу күресінен әлем чемпионы Әбілхайыр Мауленин болды. Төрелік жоғары деңгейде, барлық ережелер мен әділдік қағидаларын сақтай отырып жүргізілді.

Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, әр қатысушының күш-жігері, ерік-жігері және спорттық мінез-құлқы ерекше атап өтілді.

Қазақша күрестен өткен бұл жарыс тек мерекелік іс-шараның бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар спорттың шабыттандырып, біріктіріп, болашақ үшін маңызды құндылықтарды қалыптастыра алатынының үлгісі болды.