BANNER

Қазақстан «Теңізшевройлды» сататын болды

Фото: жоқ

Жаңа Қазақстанда жекешелендіру науқаны біршама өзгеріске түспек.

Үкіметті Асқар Мамин басқарып тұрған тұста бекітілген жекешелендірудің бесжылдық кешенді жоспары шұғыл түзетіліп жатыр. Бұл процесс "қаңтар оқиғаларынан" кейін басталды. Себебі, қазақстандықтар, сарапшылар мемлекетті активтерінен, зауыт-кәсіпорындарынан айыру үдерісі "бармақ басты, көз қысты" әдіспен жүргізілетінін, көлеңкелі тұстары көп екенін жиі сынайтын, деп жазады inbusiness.kz.

Содан "қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін, 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында сөз сөйлеген Президент Тоқаев Үкіметтің бұл ісін қатты сынға алды. Мемлекет басшысының байламынша, жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Атап айтқанда, бәсекелестік ортаға берілуге тиіс активтерді іріктеу тәсілдері әлі күнге айқындалмаған. Оны шұғыл әзірлеу қажет.

Яғни, ең басты талаптар белгісіз болғанына қарамастан, биліктегілер мемлекеттің мүлкін жаппай үлестіріп келгенге ұқсайды.

Қ.Тоқаев жаңа Үкіметке мемлекеттік комиссияның жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толығымен ашық әрі айқын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Қызу іске кіріскен Үкімет Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің жабық өткен жиынында Президенттің назарына 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасын ұсыныпты.

Кейін белгілі болғанындай, жиында Мемлекет басшысы үш негізгі талапты белгілеген екен. Біріншіден, жекешелендірудің соңы жеке монополистердің пайда болуына әкеп соқтырмауы керек. Бұл қоғамның наразылығын тудырады. Қасым-Жомарт Тоқаев елде инфрақұрылымның негізгі нысандары тиімсіз жекешелендіріліп кетуі деректері барын мәлімдеді. Осылайша, "мемлекеттің экономикалық мүддесіне нұқсан келтірген". Ол темір жолдар мен тұйықтардың, құнды шикізат тасымалдайтын құбырлардың билікке жақын адамдардың қолына өтіп кеткенін мысалға келтірді. Мұндай олқылықтарға енді жол бермеу керек.

Екіншіден, активтерді жекеге сату бюджетке түсетін салмақты азайтуға септесуі шарт. Өйткені мемлекеттің сатқан активін иеленген жеке компаниялар енді бюджетке масыл болып отыр. Олар "өз табыстарының басым бөлігін бюджеттік тапсырыстардан, жеңілдіктерден, гранттардан және басқа артықшылықтардан алады".

Үшіншіден, жекешелендірудің нақты экономикалық қайтарымы болуы шарт. Кез келген кәсіпорынды жекешелендіру оның тиімділігін жақсартуға, ұлттық экономикаға қосатын үлесін, экспорттық өндірісті арттыруға әкелуі қажет. Өкінішке орай көбіне олай болып отырған жоқ.

Бұдан бөлек, Тоқаев Үкіметке жоспарды орындауда қатаң болуды тапсырды. Әйтпесе, бұрынғы Үкімет босаңдық танытып, әкімдердің, "Самұрық-Қазына" қоры мен ұлттық компаниялар басшыларының жетегінде кеткен. Салдарынан, тізімдегі объектілердің басым бөлігін жекешелендіру кейінге шегерілген немесе мүлде алынып тасталған.

Ең бастысы, Президент жекешелендіру үдерісі кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуді жүктеді. Бұл үшін нысандарды сатуға қоғамдық мониторинг жүргізу тетіктері әзірленеді.

Сонымен Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, толығымен немесе акциялар пакетінің жартысы жеке секторға өтетін ұйымдардың саны 176-дан 736-ға дейін ұлғайып отыр. Оның 112-сі – "Самұрық-Қазынаның" тобына кіреді.

Нәтижесінде, бәсекелестік ортаға 5 триллион теңге көлеміндегі активтер беріледі. Сөйтіп, мемлекеттің экономикаға араласуы 14%-ға дейін қысқарады. Қазір бұл көрсеткіш, сарапшылардың бағалауынша, 30-45 пайыз аралығында.

Тағы бір өзгеріс, Жаңа Қазақстан IPO құралдарын барынша кең пайдаланбақ. Президент жекешелендіру мәселесінде бұл тетікке басымдық беруді жүктеген. Оның пайымдауынша, "Халықтық IPO" бағдарламасын қайта жаңғыртып, акцияларды, ең алдымен, жеке тұлғаларға, яғни, Қазақстан азаматтарына сату керек. Еліміздің әрбір азаматында ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет. Бұл енді – ескі жыр. Оның жаңаша орындалуы халыққа қаншалықты жағатыны, игілік әкелетіні әзірге белгісіз.Жаңа тізбеге қандай ірі активтер қосылған?Ұлттық экономика министрлігі Үкіметтің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы "Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы" қаулысын өзгертетін жаңа қаулы жобасын әзілеп шықты.

Еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыровтың түсіндіруінше, жаңа қаулы біріншіден, стратегиялық маңызды объектілерге, әсіресе магистральдық құбырларға, ірі инфрақұрылым нысандарына мемлекеттік бақылауды сақтауды қамтамасыз етеді. Екіншіден, жекешелендіру аясында бәсекелес ортаға берілетін компаниялар тізбесін қалыптастыру үшін "нақты критерийлерді айқындайды".

"Құжат Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған. Оны қабылдау бәсекелес ортаға берілетін заңды тұлғалардың санын күрт ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде мемлекеттің ел экономикасына қатысу үлесі едәуір қысқартылады. Мемлекеттік мүліктің тиімді қожайындар қолына өтуі қамтамасыз етілді. Жобаны қабылдау мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін арттырады", – деп түсініктеме берді Әлібек Қуантыров.

Құжатқа сәйкес, енді әлдебір маңызды компанияны немесе мемлекеттік объектіні нақты бір инвесторға "тікелей адресті сатқысы" келсе, билік соның негіздерін Мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сайттарында халыққа жариялайтын болады. Ол негіздемеге уәкілетті меморганның бірінші басшысы қолын қоюға міндетті. Яғни, өз мойнына жауапкершілік алады.

Бұған қоса, экономика министрлігінің мәліметінше, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеудің тапсырмасымен, түзілген критерийлерді қолдана отырып, жекешелендірілетін объектілер тізбесі өзектілендірілген.

Сонымен қатар жекешелендіру процесінің "мөлдірлігін" қамтамасыз ету үшін актив жекенің қолына берілгенге дейін ол туралы жұртшылыққа жария етіледі, халық және сарапшылар арасында талқыға салынатын көрінеді. "Кулуардағы", көлеңкелі келіссөздерге және активтерді мемлекет үшін тиімсіз шарттармен сатып жіберуге кедергілер қойылмақ.

Құжаттың тағы бір жаңалығы сол, Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары ең "майшелпек" активтермен толығып отыр.

Оның арасында мысалы, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның "Жолаушылар тасымалы" АҚ, "Вагонсервис" АҚ, "KTZE-KhorgosGateway" ЖШС, "Xinjiang KTZ International Logisnics" секілді 34 компаниясы бар.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының "Ембімұнайгаз", "Өзенмұнайгаз", "Қаражанбасмұнай", "Маңғыстаумұнайгаз", "Қазақтүрікмұнай" секілді 86 компаниясы кіріп отыр.

Саудаға келесі нысандар да қойылмақ:

"Теңізшевройл" ЖШС келесі құрамда: "Tengizchevroil International Bermuda", "Tengizchevroil Finance Company International";

Павлодар мұнай-химия зауыты; Атырау мұнай өңдеу зауыты; "СП Caspi Bitum" ЖШС; Жаңаөзендегі "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС (ҚазГӨЗ); "ҚазРосГаз" ЖШС; "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС; "ҚазТрансОйл" АҚ; "Қазақстан-Қытай құбыр желісі" ЖШС; "Магистральдық су тартқышы" ЖШС; "КТК"; "Тұлпар вагонжасау зауыты"; "Қазпошта"; "Эйр Астана", "QAZAQ AIR" және басқасы.

Сатылатын мемактивтер арасында "Шардара СЭС", "Мойнақ ГЭС", "Бұқтырма ГЭС", "Шүлбі ГЭС", "Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1", "Forum Muider BV" ("Богатырь Көмір"), "Алматы электр станциялары" секілді электр энергиясы компаниялары жетерлік.