BANNER

Қазақстанда қатерлі ісік ауруына шалдыққандар тегін емделу мүмкіндігінен айырылды

Фото: ИИ Canva

Қазақстанда науқастарды томотерапия технологиясымен тегін емдеу алып тасталды. Салдарынан республикадағы жалғыз "Үміт" томотерапия орталығы елуге жуық емделушіні үйіне қайтаруға мәжбүр болған, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Томотерапия Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа шешімімен жоғары технологиялық ем түрлерінің тізімінен алып тасталған. Ал оны алмастыратын төлем тетігі бекітілмеген. Соның салдарынан мемлекеттік тапсырыс тоқтап, қатерлі ісік ауруымен күресіп жүрген "Үміт" орталығының науқастары қаржыландырусыз қалған. 

"Сол шешімнің салдарынан бізге 50-ден аса науқасты емнен шығаруға тура келді. Қазанның үші күні ақпарат алдық. Ал алтысы күні Денсаулық сақтау вице-министрінің бұйрығымен барлық науқастарды үйіне жібердік. Олар мемлекеттік тапсырыс аясында, қор қаржыландырған грант бойынша ем қабылдап жатқан еді", – деді "Үміт" онкологиялық томотерапия орталығының директоры Ержан Шаяхметов. 

Томотерапия технологиясы ақылы қызмет түріне өтсе бір науқастың толық курсы бірнеше миллион теңгеге дейін барады. Десе де мұндай соманы көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер көтере алмайды. Бұрынғы тариф үш есеге қысқарып, орталықтың жұмысы да тоқтап қалған.

"Конституция бойынша әр азаматтың денсаулығын қорғауға құқығы бар. Ал бұл ем түрін тізімнен шығару – сол құқықты жоққа шығару. Көп адамға бұл  соңғы мүмкіндік еді", – деді емделуші Серік Доскенов. 

Терапияның аяқталмай қалуы да науқастар үшін қауіпті. Мамандардың айтуынша, емнің үзілуі мен басқа аппаратқа көшу ағзаға ауыр салмақ түсіріп, асқындыруы мүмкін. Ал көптеген отбасылар қазір аяқталмаған ем үшін несие алып, көмек сұрап жатыр.

"Бәріміз халық емеспіз бе? Неге біз үшін ештеңе істелмейді? Балаларым әкесін емдету үшін несие алуға мәжбүр. Бар болғаны 14 процедура қалған еді ғой. Емделіп жүргендерді соңына дейін аяқтап беріңіздер, сосын жабыңыздар", – деді емделушінің туысы Нұрсұлу Ғалиева. 

Кәсіпкерлер палатасы министрлікке бұл шешімнің заңға қайшы екенін айқан. Ал "Үміт" орталығы жауапты ведомство томотерапияны қайтадан жоғары технологиялық көмек тізіміне енгізіп, нақты әрі әділ тариф бекітуін талап етіп отыр. Өйткені әр өткен күн – науқастар үшін маңызды.  

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық 11 жасар жүзгіш қатерлі ісікті жеңіп, Түркияда үш алтын медаль жеңіп алғанытуралы жазған едік.