Астана қаласында LRT депосының кешенді орталығының нысандары мен ғимараттарының құрылысы жалғасып жатыр. Бұл туралы CTS көлік компаниясы мәлім етті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Депо — жылжымалы құрамды сенімді пайдалануды, техникалық қызмет көрсетуді және сақтауды қамтамасыз ететін көлік инфрақұрылымының негізгі буыны. Бүгінде нысанның дайындығы 50% құрайды.
Кешенді орталыққа басқару орталығы, пайдалану депосы, жөндеу депосы, локомотив депосы сияқты бірнеше негізгі нысандар кіреді.
— Депоның кешенді орталығын құру LRT техникасын пайдалануға, жөндеуге және қызмет көрсетуге байланысты барлық процестерді орталықтан басқаруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезеңде пайдалану және локомотив депосындағы негізгі темірбетон және металл конструкциялық жұмыстар аяқталды. Ішкі бөлімдерді монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Кешенді орталықты іске қосу барлық 18 станцияның және тұтастай алғанда бүкіл желінің тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті пойыздардың қозғалысын және барлық LRT инфрақұрылымының жай-күйін тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етеді.
Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін хабарланғандай, Астанада LRT желісінің жартысына жуығы дайын болды.
Ал, 11 маусым күні №101 станциясына алғашқы LRT құрамы көтерілген болатын.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек LRT 2026 жылдың 1-тоқсанында ресми іске қосылатынын мәлімдеген еді.