BANNER

Мемлекеттік қызмет – халық пен билік арасындағы алтын көпір

Сурет: МҚІА

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – еліміз үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Өйткені азаматтар күнделікті өмірде түрлі мемлекеттік қызметтерге жүгінеді. Бұл қызметтердің тиімді әрі сапалы орындалуы – халықтың мемлекетке деген сенімін арттырып, әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі болмақ.

Мемлекет тарапынан осы бағытта көптеген оң өзгерістер жасалып жатыр. Оның ішінде ең ауқымдысы – цифрландыру. Электронды үкімет порталы бүгінде халықтың 93%-ына қызмет көрсетіп отыр. Ал ұсынылатын қызметтердің 90,8%-ын азаматтар смартфон арқылы алып жүр. Бұл, әрине, уақыт үнемдеуге әрі ыңғайлы болуына септігін тигізеді.

Жасанды интеллект технологиялары да қызмет көрсету саласына ене бастады. Мәселен, eGov платформасында түрлі чат-боттар мен автоматы кеңес беру жүйелері іске қосылып, қызмет алушылардың жұмысын жеңілдетіп отыр.

Мемлекеттік органдар ашықтық пен есеп берушілік қағидатын ұстанып, халықпен тығыз байланыс орнатуды жалғастыруда. Жыл сайын есеп беру кездесулері, қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, азаматтардың сұрақтарына жауап берілуде. Сонымен қатар, арыз-шағымдарға жедел әрекет ету үшін «1414 TelegramBot KZ» жүйесі жұмыс істейді.

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ. Соңғы екі жылда Қарағанды облысы бойынша 463 мемлекеттік қызметші арнайы семинарлардан өтті.

Сапаны бақылау мен бағалау жүйесі де жүйеленіп келеді. Қоғамдық мониторингтер, ішкі және сыртқы бақылау, аудит, сауалнамалар арқылы қызмет сапасы тұрақты тексеріліп, кемшіліктер жойылуда.

Алайда, осы жетістіктермен қатар бірқатар түйткілді мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, шалғай ауылдық аймақтарда интернет сапасының төмендігі, кей жерлерде оның мүлде болмауы, болғанның өзінде интернет бағасының қымбат болуы тұрғындардың онлайн қызметтерді толыққанды пайдалануына кедергі келтіруде. Сонымен қатар, аға буын өкілдері үшін цифрлық жүйеге бейімделу оңай емес. Олардың цифрлық сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.

Осыған орай, 2023 жылы Мемлекет басшысының республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Ұлттық жоба 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтып, ауылдық жерлерде  байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салу, жалпы қазақстандықтарды жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100%-ға дейін жеткізуге бағытталған.

Интернет желісінің дамуы,  заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану мүмкіндігі электронды портал арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдалануында зор ықпал ететініне сенімдіміз.

Айта кету керек, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Сондықтан бұл көпірдің берік әрі сенімді болуы – баршамыздың ортақ мүддеміз. Болашақта да қызмет көрсету процестерін одан әрі оңтайландыру, проактивті қызметтерді көбейту, халықтың цифрлық дағдыларын дамыту, цифрлық жүйені жетілдіру, интернеттің қол жетімділігі мен сапасын жақсарту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану – басты бағыттардың бірі болуы тиіс.