BANNER

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған байқау жеңімпаздары марапатталды

Фото: Life09

Тәуелсіздік күніне орай қарағандылықтар арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты қалалық байқау өтті. Байқауды Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі мен «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырды. Іс-шараға түрлі этнос өкілдері қатысып, қазақ тілін меңгеру деңгейін шығармашылық тұрғыда көрсетті.

Байқаудың мақсаты – этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру, тіл арқылы достық пен татулықты нығайту. Қатысушылар қазақ тілінде өздерін таныстырып қана қоймай, шығармашылық өнерін көрсетіп, мақал-мәтелдерді жатқа айтты. Сонымен қатар, құжаттарды мемлекеттік тіл нормаларына сәйкес сауатты рәсімдеу дағдылары да бағаланды.

Қазылар алқасы үміткерлердің тілдік сауаттылығына, көркем сөйлеу шеберлігіне, шығармашылық ойлауына және қазақ тілін қолдану дағдысына назар аударды. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Сәуле Нелдібаева мұндай байқаулардың маңызы зор екенін атап өтті:

«Тілді үйренуге ынталандыратын осындай іс-шаралар көп болса, мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылық артады. Байқауға жиырмадан аса өтінім түсті, соның ішінен он қатысушы іріктеліп, өз біліктілігін көрсетуге мүмкіндік алды», - деді ол.

Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен бұл байқау мемлекеттік тілдің қоғамды біріктірудегі рөлін тағы бір мәрте айқындап, қатысушыларға өз қабілетін көрсетуге тамаша мүмкіндік берді. Іс-шара шаһарымыздағы этносаралық сыйластықты нығайтып, қазақ тіліне деген құрметтің артуына ықпал етті.

Автор: Айдана Таңатар