Disney компаниясының қазақша дубляждалған «Моана 2» анимациялық туындысының кинотеатрлардағы көрсетілімі артты, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙЫ
Мәдениет және ақпарат министрлігі кинотеатрлармен келісіп, анимациялық туындының көрсетілімі артқан.
«2024 жылдың 28 қарашасынан бастап елімізде Disney компаниясының «Моана 2» анимациялық фильмі көрсетілуде. Сонымен қатар, биыл алғаш рет Disney мен Pixar студиялары «Ойжұмбақ 2», Disney студиясы, «Муфаса: Арыстан патша» деп аталатын анимациялық фильмдерін өз қаражатына қазақ тіліне аударды.
Айта кету керек, осы бастамалардың арқасында қазақтілді сеанстар саны екі есеге артты. Бұл қазақ тілінің және мәдениетінің жастар арасында танымал болуына, сондай-ақ ұлттық тіл мен мәдениетті сақтау мен дамытуға үлкен үлес қосуда» дейді министрліктегілер.
ЖЕЛІДЕГІ ШУ
Бұған дейін белсенді Бэлла Орынбетова әлеуметтік желіге 28 қарашадан бастап кинотеатрлардан көрсетілетін «Моана 2» анимациясының прокатында тағы да тіл мәселесі айқын көрінетінін жазған.
– Disney кинокомпаниясының қазақ тіліне (өз есебінен!) дубляждаған «Моана 2» анимациялық фильмі 28 қарашадан бастап кинопрокатта көрсетіледі. Алайда көптен күткен фильмді қызым екеуіміз жұрт қатарлы премьера күні көре алмаймыз. Себебі қазір 28 қараша күні кинотеатрларда Моананың қазақша сеансына жұмыстан кейін өзіміз қалаған уақытта бара алмаймыз. Осы елдің азаматы ретінде ашынбай, шуламай, күреспей, жай ғана тып-тыныш қазақша киноға бара алатын күн туа ма екен? Неге қарапайым адам құқымды пайдалану үшін күрескер режимін қосуым керек?! , – деген ол.
Оның бұл жазбасын желі қолданушыларының көбі қолдаған.