Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Сапар барысында ол «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын (АЭА) аралап, инвестиция тарту және өнеркәсіпті дамыту мәселелерін талқылады.
«Сарыарқа» АЭА 2011 жылы металлургия мен метал өңдеуді дамыту үшін құрылған. Қазіргі таңда аймаққа 37 жаңа қызмет түрі қосылған.

Бүгінде территорияда 14 кәсіпорын жұмыс істейді, ал тоғыз жоба іске асыру сатысында. Аймақ қызметі кезінде инвестициялар көлемі 219 млрд теңгеден асты, 1,1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
– Мемлекет басшысының инвесторларды тарту жөніндегі тапсырмасы аясында жаңа инвестициялық стратегия кешенді түрде әзірленуде. Онда АЭА аумағын субаймақтармен кеңейту қарастырылған. Осыған байланысты қызмет түрлерін кеңейту қажет: әуежай қызметіне қатысты 12 жаңа бағыт қосу ұсынылып отыр – көлік қызметтері, логистика, жүк тасымалы, қонақ үйлерді салу, авиациялық жанармай сату және тағы басқа. Екінші мәселе – АЭА құрылымын күшейту. Басқа экономикалық аймақтардағыдай, Түркістан, Астана, Алматыда инвестиция тарту бөлімшелері жұмыс істейді, – деді Қарағанды облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов.
Кездесу барысында жаңа өндірістерді іске қосуға тікелей әсер ететін энергия қуаттары мен инфрақұрылымды дамыту мәселелері де талқыланды.
Сенатор Серік Өтешов туындайтын мәселелерді заңнамалық деңгейде шешуге дайын екендігін атап өтті:
– Мемлекет басшысы өнеркәсіпке және басқа салаларға инвестиция тартудың маңыздылығын үнемі айтып отырады. Біз өз тарапымыздан құқықтық мәселелерді шешуге жәрдемдесуге дайынбыз, – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша ұсыныстар мен проблемалық мәселелер тізімі жасалып, оны кейінірек үкімет деңгейінде қарау жоспарланған.
Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі
