Дарынды, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру бойынша төртінші іріктеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Сәрсен Жандос Шералыұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Төртінші іріктеудің ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады.
Кандидаттарға қойылатын жалпы талаптар бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сияқты, яғни, кандидаттардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес болуы туралы талаптар сақталатын болады.
Брифинг соңында Ж.Сәрсен ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақыратынын, мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар қажет екендігін атап өтті.