BANNER

Сөйлейтін құс

Ашық дереккөз

Егер қай құс айтқандарды қайталайды десе, көбі тоты құс дер еді. Мүмкін қараторғайды айтар. Алайда қанаттылардың ішінде дауысты айнытпай қайталайтын таланттысы – лирақұйрық.

   Лирақұйрық – Австралияда мекен ететіндіктен басқа құрлықтағыларға таныс болмауы мүмкін. Ол ежелгі автстралиялық құс болып есептеледі. Австралия мұражайында жасы 15 млн жылды құрайтын лира құсының қаңқасы сақталған. Австралиялықтар оны қатты құрметтейді. Олардың 10 центтік монетасында аталмыш құстың суреті бейнеленген. Лирақұйрық тауыс секілді құйрығын жайғанда көне музыкалық аспап лираға ұқсайды. Сол себепті осы атауды берген. Тауыс секілді әдемі құйрық бұларда да тек аталығында болады. Әрине, аналық құстарды еліктіру үшін.

   Оның өз репертуарында құбылжыта орындайтын тек 7 түрлі дыбысы бар. Ал қалғандары айналасынан естіп, орындайтын дыбыстар. Ол тек басқа құстардың дыбыстарын салмайды, жан – жануар, қозғалыстан шыққан дыбыс болсын естіп қалса, соны келтіреді. Адамдар орманға жақындап, олардың шекарасына кіргеннен бері иттің үргенін, шынжырлы араның, ұялы телефонның дыбысын, бұзаудың мөңірегенін, балтаның соққысын, автокөліктің,  қандай дыбыс естиді, бәрін салады.

    Лирақұйрық бұлбұл секілді жұптасу маусымында ғана емес, жыл бойы әндетеді. 4 сағат қатарынан ән салатын әнші болса, ол да – лирақұйрық. Жұптасу маусымында, яғни маусымнан тамызға дейін ерекше ән салады. Аналық құсты қарату үшін әдемілік аздық етеді, сондықтан ән салып, би билеп, бар өнерін паш етеді.

 

Ақерке АЯНҚЫЗЫ