Қарағанды облысының тарихы – бұл тек ресми даталар мен мұрағат құжаттары ғана емес, ең алдымен сол кезеңдерді бастан өткерген адамдардың тағдыры. Ұзақ жылдар бойы есімі көп айтыла бермеген тұлғалар туралы Қарағанды қаласында өткен «Қарағанды облысының тарихындағы тұлғалар» атты дөңгелек үстелде кеңінен сөз болды. Іс-шара өңірдің 90 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Кездесудің негізгі мақсаты – облыстың тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, көрнекті жерлестердің есімін қайта жаңғырту, сондай-ақ бұрын жабық болып келген әрі аз зерттелген тарихи беттерді ашу.
Дөңгелек үстел барысында саяси қуғын-сүргін тақырыбына және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның қызметі туралы Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архивінің басшысы Темірғали Аршабеков баяндады.
— Басты міндет – саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ әлі күнге дейін ақталмаған Орталық Қазақстан тұрғындарының есімдерін анықтау, – деді ол.
Оның айтуынша, соңғы төрт жылда Қазақстанда аталған тақырыпқа арналған іргелі ғылыми зерттеулердің 74 томы жарық көрген. Сонымен қатар бұл бағытта өңірлік тарихшылар да жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді.
Білім беру саласында да мазмұнды жұмыстар атқарылуда. Мектептерде оқушылар Қарағанды облысының көрнекті тұлғаларына арналған өлкетану жобаларын қорғап жүр. Бұл жобалар аясында аз танылған тарихи тұлғалар мен мәдени мұра нысандары да қамтылған. Сондай-ақ Қарағандыда 5–6 сынып оқушылары арасында өлкетану пәні бойынша мектеп олимпиадалары тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Темірғали Аршабеков зерттеу жұмыстары барысында бұрын жабық болған архив материалдарына, соның ішінде прокуратура істеріне қол жеткізілгенін атап өтті. Құжаттармен жұмыс шамамен үш жылға созылып, нәтижесінде олар ғылыми жинақтар ретінде жарық көріп, кітапханаларға тегін таратылған.
Іс-шараға Қарағанды облысының құрметті азаматы, отандық журналистиканың ардагері, публицист әрі қоғам қайраткері Екатерина Кузнецова; журналист, жазушы, Ortalyq Qazaqstan газетінің бас редакторының бұрынғы орынбасары, «Парасат» орденінің иегері Аман Жанғожин, сондай-ақ өлкетанушылар, зерттеушілер мен мектеп оқушылары қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар ескі Қарағандының тарихын, көшелердің бұрынғы атауларын, жойылған және сақталған тарихи ескерткіштерді, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін жылдарында зардап шеккен адамдардың тағдырын еске алды. Талқылау кезінде ГУЛАГ жүйесіндегі ең ірі лагерьлердің бірі – Қарлагтың қасіретті тарихы да қозғалды.

Шара соңында Әлімхан Ермеков атындағы лицейдің оқушылары көрнекті ғалым, академик Евней Бөкетовке арналған слайд-шоуды көпшілік назарына ұсынды.
Дереккөз: Gov.kz
