Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты тағы үш адам ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетейік, бұған дейін жеті адамның ұсталғаны туралы хабарланған еді. Осылайша тұтқындалғандардың саны 10-ға жетті.
"Бұл іс бойынша 10 адам күдікті ретінде танылды. Тағы 2 адам қылмыстық қудалаудың шеңберінде. Бірақ олардың куәгер мәртебесі және қорғау құқығы бар", – деді Берік Адамов брифингте.
Сонымен қатар брифинг барысында ұйымдасқан топтың жетекшісі делінген Хасан Қасымбаев ешқандай есепте жоқ екені айтылды.
“Осы іс шеңберінде мен ұсталғандардың қысқаша сөзбен сипаттамасын беруге рұқсат етіңіз. Екеуі ипподромда ат күтуші болып жұмыс істейді. Біреуі "Шымбұлақта" жұмысшы, тағы бірі "Ақбұлақта" күзетші, ал екеуі сұлулық салондарында жұмыс істейді”, деп жауап берді Берік Адамов.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. 14 қазанда марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты бұрынғы “Хутор” ауылының тұрғындары пікір білдірген еді. Ал кешке қарай Хасанның өзі экранға шығып, үндеу жасаған. Ол адвокат жалдағанын, өзін “Хутор бандасының” басшысы деп қаралағандармен соттасатынын айтқан.