BANNER

«Таза Қазақстан» Балқашта: қаладағы тазалықты мобильді топтар бақылауда ұстап отыр

Қарағанды облысының әкімдігі

Балқаш қаласында санитарлық тазалыққа қойылатын талаптар күшейтілді. Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында мұнда күн сайын мобильді топтар жұмыс істейді. Олардың басты міндеті — көшелердің тазалығын қамтамасыз етіп, қала мәдениетін арттыру, көріктендіру деңгейін жақсарту.

Қала аумағында сегіз мобильді топ жасақталған. Олардың құрамында әкімдік қызметкерлері мен учаскелік полицейлер бар. Топтар күн сайын түрлі шағынаудандарды аралап, санитарлық жағдайды тексереді.

Тексеру барысында мамандар ғимараттардың қасбеттерінің жағдайын, рұқсатсыз салынған қосалқы құрылымдарды, жарнама мен маңдайша орнату тәртібін, тротуарлар мен аулалардың тазалығын қадағалайды. 

Сонымен қатар қоқыс жәшіктерінің дұрыс қойылуы, көгалдандыру және абаттандыру элементтерінің жай-күйі, рұқсатсыз төгілген қоқыс үйінділері мен мақсатсыз пайдаланылған жер телімдері, қараусыз қалған нысандар назарға алынады.

Мобильді топтардың алғашқы рейдтері нәтижесінде қазірдің өзінде 15-ке жуық әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Құрылыс қалдықтарын шығармаған мердігер ұйымдар жауапкершілікке тартылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсететін компания да қоқысты уақытылы шығармағаны үшін жауап берді.

Мобильді топтардың жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. 

Қала билігі санитарлық талаптарды сақтау мен тазалық мәдениетін қалыптастыру — тұрғындардың ортақ жауапкершілігі екенін еске салады.