BANNER

Теміртаулық тергеуші қылмыстық істі тоқтату үшін күдіктіден ақша алған

Фото: жоқ

Теміртау қаласында тергеуші қылмыстық іске нүкте қою үшін күдіктіден 500 мың теңге пара алған. Бұл туралы «Ел намысы» арнайы мониторингілік тобының мүшесі Дидар Смағұлов мәлім етті

 «Біз қоғамдық бақылау жұмысына өткен жылдың қазан айынан бастап кірістік. 6 айдың ішінде белгілі бір деңгейдегі нәтижеге қол жеткіздік. Біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі — халыққа тегін заңгерлік кеңес беру. Жасыратыны жоқ, халықтың заң жағынан сауатының таяздығын кейбір шенеуніктер қызмет бабында пайдаланады. Мысалы, Қарағанды облысы Теміртау қаласында Шығыс полиция бөлімшесінің тергеушісі қылмыстық істі тоқтату үшін күдіктіден 500 мың теңге талап еткен. Ал заң жүзінде аталған қылмыстық іс тоқтатуға жатқан. Амалы қалмаған күдікті бізге хабарласты. Өз кезегімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметін тарта отырып азаматқа заңдық тұрғыдан тиісті кеңес берілді», - деді Дидар Смағұлов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тергеуші жоғарыда аталған соманы алу барысында ұсталған.

«Бұл жерде тергеуші күдіктінің заңды аса білмейтінін пайдаланып отыр және қызметін асыра пайдаланып отыр. Бүгінде іс сотқа жіберілді, одан әрі сот шешімін күтеміз», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай биыл елімізде «Ел намысы» атты арнайы мониторингілік топ құрылды.

Аталған қоғамдық ұйымның мақсаты – Президент тапсырмаларының орындалу барысын бақылау.