BANNER

Жастарға инвестиция: Қарағанды облысында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық байқауының жеңімпаздары анықталды

gov.kz

Қарағанды облысының жастары өз бастамаларын жүзеге асыру үшін қаржылай қолдауға ие бола алады. Облыс әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары бірнеше жылдан бері табысталып келеді. Биыл байқауға 300-ден астам өтінім түсіп, байқау комиссиясы 25 жеңімпазды анықтады.

Гранттар алты бағыт бойынша беріледі: бизнес, ғылым, ақпараттық технологиялар, мәдениет, медиа және волонтёрлік. Биыл өтінім қабылдау 27 қазанда басталып, Тәуелсіздік күні қарсаңында қорытындыланды.

– 300-ден астам өтінімнің ішінен ақтық кезеңге 50 жоба өтті. Комиссия әлеуметтік маңызы мен өзектілігін ескере отырып, 25 жобаны іріктеді. Әр жобаға 2 млн теңгеден грант бөлінеді. Барлық грант иегерлері келісімшарт жасасқаннан кейін атқарылған жұмыстар бойынша есеп береді. Сонымен қатар арнайы мониторингтік топ нысандарға барып, бақылау жүргізеді, – деді жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қызметкері Ұлан Омаров.

Гранттар әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға жол ашады. Соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған жобалар өзектілігін сақтап отыр.

Қарағандылық Гүлшат Қуанышбек 2024 жылы грант иегері атанып, сенсорлық интеграция кабинетін ашты. Ол – ерекше баланың анасы, мамандығы бойынша медицина қызметкері әрі дефектолог.

– «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық байқауы туралы естіген соң бағымды сынап көруге бел будым. Жеңімпаз атанғаным туралы хабарды үлкен қуанышпен қабылдадым. Грант қаражатына қажетті құрал-жабдық сатып алып, қолайлы ғимаратты жалға алдым. Наурыз айында кабинет ашып, сенсомоторлық бұзылыстары бар балалармен жұмыс істей бастадым: мидың қызметін белсенді етіп, сөйлеу тілінің дамуына серпін береміз. Сабақтар жеке форматта өтеді, ашылған уақыттан бері шамамен 80 бала қабылданды. Грант – өз ісіңді бастауға берілген маңызды қолдау, – деді Гүлшат Қуанышбек.

Ол өзге жастарды батыл болуға және табандылық танытуға шақырды: егер қоғамға пайдалы идея болса, оны жүзеге асыру жолында тоқтамау қажет.

Тағы бір грант иегері – Мария Веч Қарағанды қаласында «Ерекше өнер» қайырымдылық шеберханасын ашты. Грант қаражаты жабдықтар мен қажетті материалдарды сатып алуға бағытталды.

Ерекше қажеттіліктері бар балалар ата-аналарымен бірге қолөнермен айналысып, қазақтың ұлттық нақышындағы бұйымдар жасайды. Олар ағаш пен саздан бұйымдар әзірлеп, шоперлер тігеді. Дайын өнімдер қалалық жәрмеңкелерде саудаға шығарылады.

Биыл тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаларды қолдау да көзделіп отыр. Атап айтқанда, Қарағандыда инклюзивті типография мен бариста мектебін ашу жоспарланса, Қарқаралыда инклюзивті дәмхана ашылуы мүмкін.

Дереккөз: Gov.kz