Бүгін Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының соты аудан прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысының қатысуымен Н.Н.Дакебаевқа қатысты үкім шығарды.
Н.Н.Дакебаев Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, жазасын барынша төмен қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, Н.Дакебаевтан Жәбірленушілердің өтемақы қорына 15 АЕК (55 380 теңге) мөлшерінде мәжбүрлі төлем және материалдық және моральдық залал келтіргені үшін жәбірленушінің пайдасына 2 712 160 теңге сомасында өтемақы өндірілді.
Н.Дакебаев ағымдағы жылдың 26-қаңтарында жасаған қылмысы үшін сотталды. Ол бір жасар балаға медициналық көмек көрсетуге келіп, үйдің кіреберісінің жанына тоқтаған жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрып-соққан. Бұзақылық себептермен жасалған соққылардың салдарынан жүргізушінің мұрны сынған және оған бас-ми жарақаты келтірілген.
Бұл қылмыс қоғамдық резонанс тудырды, себебі ол жедел жәрдем жұмысына кедергі жасап, уақтылы көмек көрсетілмеген баланың өміріне қауіп төндірді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қарағанды облысының прокуратурасы