Жоғыңды, Әлем, Қазақстаннан ізде,
Жүр:
Қандай екен біздегі ұл мен сіздегі ұл:
Немісте жоқ Г. Бельгер де – бізде-дүр,
Корейде жоқ Ким мырза да – бізде-дүр.
Төле билер шыға-тұғын төр менде,
Отыр, әне, өңкей мырзам өркеуде
Кимді көрсек, Құдай жоқ деп ойлаймыз.
...Бар-ау дейміз – Гер-Ағаны көргенде.
Тұла бойым – соқпа дерт.
Көбелектей түскендеймін отқа кеп.
Бұл Алашты бір Алла өзі сақтап тұр.
...Қазекең жүр Құдай бар ма?!
...Жоқ па?! – деп.
Осындағы әрбір ұлттың
Бар бір Ғажапстаны:
Жойыттың – Исрайылы,
Ұйғырдың – Қазақстаны,
Қырғыздың – Қырғызстаны,
Жұлдыздың – Жұлдызстаны.
Өкпелесе –
Көзде көлдей жасы бар,
Өпсе болды –
Өксігі де басылар, –
Орыстардың – Ресейі ормандай,
Бір кәрістің – екі Кореясы бар!
Алдында жоқ бір тірі жан тіл ұғар,
Мұхит асқан ұлып ары, құрып әл, –
Мұстафа Шоқай, Мұхтар Мағауин көкемнің,
Жүрегінің түгі бар ғой,
Түгі бар!
Күнге қарай керуен тартқан кезім бұл.
Тұман – Дүние,
Көкжиекте көзім-дүр:
Қазақстан, Сенен басқа түгім жоқ,
Гүл қылсаң да,
Күл қылсаң да – өзің біл,
Ұл қылсаң да,
Тұл қылсаң да – өзің біл!
Серік Ақсұңқарұлы