7 наурыз күні Қарағанды қаласындағы Amanat спорт кешені алаңы тек спорттық тартыстың ғана емес, ізгілік мекеніне айналды. QOFA мен Star Team командалары арасындағы қайырымдылық шоу-матч жүздеген жанкүйерді жинап, футболдың адамдарды біріктіретін ерекше күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кештің басты мақсаты — ахондроплазия диагнозы қойылған кішкентай баланың еміне қаражат жинау. Оған иық сүйектері мен сирақтарын ұзарту бойынша күрделі операция қажет.
Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы бұл кездесуді қарапайым матч шеңберінен шығарып, нағыз футбол мерекесіне айналдырды. Алаңдағы ойын мен трибунадағы атмосфера бір-бірін толықтырып, кеш бойы ерекше көңіл күй сыйлады. Көрермендер тек матчты тамашалап қана қоймай, түрлі интерактивке қатысып, көзді байлап соққы жасау челленджінде бақ сынады, сыйлықтар ұтысына қатысып, ойын-сауық бағдарламаларына белсене араласты.
“Бұл біз ұйымдастырған алғашқы қайырымдылық шоу-матч. Біздің басты мақсатымыз мұнда қаламыздың кең жүректі тұрғындарын жинау болды. Мұнда серіктестерден арнайы сыйлықтар мен тауарлар бар. Бір ерекшелігі біз ешқандай тауарға баға қойған жоқпыз. Әрбір келуші өздерінің бағасын айтып, Расулға өзіндік бір көмегін көрсете алады. Барлық жиналған қаражатты біз оның анасына аударатын боламыз. Біздің бастамамызды қолдап, осы игі іске үлес қосқан барлық серіктестерімізге алғыс білдіргіміз келеді. Сондай-ақ бүгінгі шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы келіп, Расулдың мәселесіне бейжай қарамайтынын көрсеткен және қарағандылықтарға ерекше көңіл күй сыйлаған барлық қатысушыларға ризашылығымызды білдіреміз.” - дейді ұйымдастырушы Елнұр ЕРБОЛ.
Алаңдағы тартыс та жанкүйерлерді бейжай қалдырмады. QOFA сапында Freedom Football амбассадоры Темірлан Ержанович, Дидар Камиев, Баламырза Алиев және басқа да танымал қонақтар өнер көрсетті.
“Бұл- осындай қасиетті айда, Наурыз мейрамының қарсаңында жақсылық жасасақ деген ниеттен шығып отырған дүние. Шараға осы Қарағандыдағы елге танылып жүрген, доп тебе алатын жігіттер мен Алматыдан медиа саласында жүрген бірнеше қыз-жігіттер келіп отыр. Ең бастысы осы халықты жинап бауырымызға көмек болса деген ниетіміз бар.”- дейді айтыскер ақын Дидар ҚАМИ.
Бірінші тайм жоғары қарқынмен басталып, командалар шабуылға басымдық берді. Нәтижесінде жанкүйерлер төрт бірдей голдың куәсі болып, үзіліске дейін таблода 2:2 есебі тіркелді.
Матчтағы үзіліс те қызыққа толы болды. Сахнада OYU DANZ би ұжымы өнер көрсетіп, көрермендердің көңіл күйін одан әрі көтере түсті. Ал фойеде ұйымдастырылған «Bottle Flip Challenge» жанкүйерлерді белсенді ойынға тартты. Жобаның серіктестері де мерекелік атмосфераны толықтырып, көрермендерге түрлі сыйлықтар ұсынды: йогурттар, футбол атрибутикасы, кітаптар мен пицца таратылды. Шахтёр футбол клубының клубының маскоты да жанкүйерлердің көңілін көтеруге тырысты. Сонымен қатар, блогер Темірлан Ержанович өзінің жеке қолтаңбасы қойылған ойын жейдесін ұтысқа тігіп, кешті жанкүйерлер үшін ерекше сәттердің біріне айналдырды.
Финалдық ысқырықтан кейін зал ұзақ уақыт бойы шапалақтан тынбады. Матч соңында командалар мен қонақтар естелік суретке түсті. Артынша автограф-сессия өтіп, ойыншылар көрермендермен суретке түсіп, қолтаңба таратып, соңғы жанкүйерге дейін уақыт бөлді.
QOFA ұйымы Freedom Football қолдауымен өткізген бұл жоба спорттың шынайы миссиясын айқын көрсетті: Қарағандыдағы футбол тек голдар мен есептен тұрмайды. Ол адамдарды біріктіретін, ортақ мақсатқа жұмылдыратын үлкен күш.

