Қарағандыда Халық ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Биыл Қарағанды облысының спортшылары Халық ойындарындағы нәтижелерін жақсарта түсті. Түркістанда өткен ауқымды республикалық жарысқа өңір атынан спорттың 11 түрі бойынша 114 спортшы қатысып, оның төртеуінен жүлделі орындарға ие болды.

Тоғызқұмалақтан қарағандылықтар командалық есепте үшінші орын иеленсе, қыздар құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізді. Қазақ күресінен балуандар екі алтын және үш қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар облыс спортшылары гір спорты бойынша қола, ал баскетболдан күміс жүлдені еншіледі.

VIII Халық ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов құттықтады. Ол бұл жарыста Қарағанды спортының жетістігі бұрынғыдан да жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша