Астанадағы әлемдік AI-кино: Astana AI Film Festival 2026 жеңімпаздары жарияланды

Фото: Life09

Астанада жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдерге арналған әлемдегі ең ірі фестивальдердің бірі – Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) аяқталды. 3 қазанда марапаттау рәсімі аясында әлемнің түкпір-түкпірінен авторлар мен режиссерлерді біріктірген халықаралық байқаудың жеңімпаздары жарияланды. Фестиваль 1-3 қазан аралығында жасанды интеллектке арналған іс-шаралар топтамасын біріктірген AI Month аясында өтті. AAIFF 2026 бағдарламасына байқау фильмдерінің көрсетілімдері, іскерлік бағдарлама және авторлар мен креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталастар кірді.

 

Astana AI Film Festival-ке 125 елден 8 067 өтінім келіп түсті. Ресми комиссия іріктеген 25 жұмыс финалдық бағдарламаға енді. Финалистерді құрамына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры және Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект зерттеулері институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы Анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан, сондай-ақ Таяу Шығыс, Африка, Үндістан, Түркия және ТМД елдері бойынша BytePlus бас менеджері Ли Лонг кірген халықаралық қазылар алқасы бағалады.

«Бүгінде AI-кино саласындағы ең қызықты нәрсе – технологияның өзі емес, авторлардың оның көмегімен жасап жатқан дүниесі. Фестиваль аясында біз ерекше визуалды шешімдерден бастап, оқиға баяндаудың жаңа тәсілдеріне дейінгі өте мықты әрі бір-біріне ұқсамайтын жұмыстарды көрдік. Әсіресе әртүрлі елдердің режиссерлері мен авторларының AI-платформаларды өз идеяларын жүзеге асырудың жаңа құралы ретінде қалай пайдаланатынын бақылау қызықты. Нәтижесінде шын мәнінде халықаралық жоба қалыптасты. Жұмыстардың ауқымы мен сапасына қарап, AI-кино әлемдік киноиндустрияның дербес бағытына айналып келе жатқанын көріп отырмыз», – деді фестивальдің тең құрылтайшысы әрі AAIFF креативті директоры Айзат Кусаинов.

 

Халықаралық қазылар алқасының бағалауы қорытындысы бойынша бес арнайы номинацияда және The Future Worth Living In («Өмір сүруге лайықты болашақ») атты негізгі тақырыптық бағдарламада жеңімпаздар анықталды.

 

Арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар:

 

- Myrzakhan Zhumakhan – «IT WAS JUST A JOKE» (комедия, Қазақстан), Best Characterноминациясы;

2xLabs – «The Last Span» (фэнтези, Қытай), Best Story номинациясы;

-  Jacopo Zanetti – «What's the Job?»(сюрреализм, Италия), Best Visualноминациясы;

- Jacopo Reale – «The Fracture» (триллер, Италия), Best Direction номинациясы;

- Zachary London – «Pomegranate» (ғылыми фантастика, шытырман оқиға, АҚШ), Best Concept номинациясы.

 

Аталған номинациялардың финалында Қазақстан, Оңтүстік Корея, Сенегал, Канада, Қытай, Германия, АҚШ, Италия, Аргентина және басқа да елдер авторларының жұмыстары ұсынылды. Олардың қатарында Myrzakhan Zhumakhan-ның «It Was Just a Joke», Kang Daehyeong-тың «Green Flag», Moustapha Sakho-ның «Ballast», Robert Gaudette-нің «A Face Only A Mother Could Love», 2xLabs-тың «The Last Span», Lu Junjie-нің «Delete», Mark Wachholz-тың «Five Minutes of Spring», Jonathan Perry мен Alex Naghavi-дің «Railbound», Zachary London-ның «Pomegranate», Jacopo Zanetti-нің «What's the Job?», Tim Zhang-ның «Gabriel», Gabriel Bosisio-ның «Charli Boy», Jacopo Reale-дің «The Fracture», Fredrik Akerstom-ның «Aphelion» және Marco Magario-ның «Er Loop» фильмдері бар.

 

«Менің фильмім комедия жанрында. Фильм қарапайым әзілдің кесірінен ит пен оның иесінің ағасы төбелесіп, ақыр соңында бұл нағыз соғысқа айналатыны туралы. Мен күрделі немесе астарлы мағына беруді мақсат етпедім – бұл белгілі бір деңгейде мені де сипаттайтын жеңіл оқиға: мен пранк пен көңіл көтеруді жақсы көремін. Шынымды айтсам, бәсекелестікке байланысты қатты уайымдадым, өйткені мұнда талантты әрі мықты авторлар өте көп. Барлық қатысушылар өз фильмдеріне көп күш пен уақыт жұмсады. Сондықтан, менің ойымша, олардың әрқайсысы лайықты бәсекелес болды», – деді Best Character номинациясының жеңімпазы Мырзахан Жумахан.

 

Ал The Future Worth Living In негізгі тақырыптық бағдарламасына он финалдық жұмыс енді: Nikolay Shestak-тың «The First Honest Day», Dor Brothers-тың «REVIVER», Ernest Desumbila-ның «Looking For Perseida», Tarek Abdelhakim-нің «The Choice», Abhik Banerjee-нің «SITARA», Richard Kassai-дің «WTF», Anna Frolova-ның «Project "A"», Jamin Tasker-дің «Everything Soft», John Kirk Kelly-дің «Saint Vitus Kiss» және Madi Zhagi-дің «Aya's Best Day» фильмдері.

 

Негізгі байқау қорытындысы бойынша үшінші орын мен $100 000 көлеміндегі жүлдені Испания атынан қатысқан Ernest Desumbila «Looking For Perseida» фильмі үшін иеленді. Екінші орын мен $200 000көлеміндегі жүлде Үндістан атынан қатысқан Abhik Banerjee-ге «SITARA» фильмі үшін берілді. Ал Гран-при мен $450 000көлеміндегі жүлдені Латвиядан келген Nikolay Shestak «The First Honest Day» фильмі үшін жеңіп алды.

Astana AI Film Festival 2026 Гран-при иегері Николай Шестак өз әсерімен бөлісіп, жұмысы туралы айтып берді.

 

«Шамамен төрт жыл бұрын режиссурамен айналыса бастадым, ал екі жыл бұрын AI көмегімен фильмдер жасай бастадым. Шынымды айтсам, жеңіске жетемін деп күтпедім – мұнда керемет жұмыстар мен түрлі жанрлар өте көп болды. Сондықтан қазылар алқасының дәл менің фильмімді не себепті таңдағаны мен үшін де қызық. Менің «The First Honest Day» фильмім адамның іс-әрекеті оның кім екенін анықтайтыны туралы. Егер адам жаман әрекеттер жасаса, ол өзгереді, ал жақсы істер, керісінше, оны жақсартады. Мен фильмдеріме өз ойларым мен идеяларымды енгізуге тырысамын. Бұл жеңіске өте қуаныштымын. Алынған жүлдені жаңа фильмдер жасауға инвестициялап, жобаларымды әрі қарай дамытқым келеді», – деді Astana AI Film Festival жеңімпазы.

 

Фестивальдің тең құрылтайшысы және AAIFF басқарма төрағасы Алмас Жали атап өткендей, алғашқы Astana AI Film Festival жасанды интеллект көмегімен жасалған киноға деген халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Фестиваль әртүрлі елдердің авторларын біріктіріп, жаңа технологиялармен, визуалды форматтармен және заманауи кино тілінің мүмкіндіктерімен тәжірибе жасауға арналған алаңға айналды.

 

«Мұндай халықаралық фестивальдің дәл Қазақстанда өтуі ерекше маңызды. Біз Астананың әлемнің түкпір-түкпірінен киноиндустрия, технология және креативті индустрия өкілдері тоғысатын орталықтардың біріне айналуын қалаймыз. Алғашқы фестиваль бізге жақсы серпін берді. Ендігі міндетіміз – жобаны одан әрі дамыту, халықаралық қатысушылар қауымдастығын кеңейту және кино мен жасанды интеллект тоғысында жұмыс істейтін авторлар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау», – деді фестивальдің тең құрылтайшысы және AAIFF басқарма төрағасы Алмас Жали.

Astana AI Film Festival-дің жалпы қоры $2 млн құрайды. Оның $1 млн-ын Freedom Holding Corp. жанындағы Freedom Шапагат корпоративтік қоры ұсынды және бұл қаражат жеңімпаздар арасында жүлде қоры ретінде бөлінеді. Тағы $1 млн перспективалы AI-командаларға арналған инвестициялық капитал ретінде қарастырылған. Бұл қаражат Қазақстандағы өндірісті және AI экожүйесін дамытуға бағытталады.

 

Astana AI Film Festival-дің бас серіктесі – Freedom Holding Corp., технологиялық серіктесі – The Network School, серіктесі – Kino.kz.

2 және 3 қазанда финалистердің жұмыстары MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында үлкен экранда көрсетілді.

 

Алғашқы Astana AI Film Festival халықаралық кәсіби қауымдастықты AI-киноның дамуы және авторлар мен креативті командалар үшін жаңа мүмкіндіктер төңірегінде біріктірді. Фестиваль киноның болашағын, шығармашылық үдерісте жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерін және жаңа AI-креативті индустрияны дамыту мәселелерін талқылайтын алаңға айналды.