Қарағанды облысында жыл басынан бері 13 мың адам жұмыспен қамтылды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі елдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі болып сақталып отыр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4%-ды құрады. Өңірлік жұмыспен қамту картасы іске асырылуда. Жыл басынан бері шамамен 13 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бұл – жоспарланған көрсеткіштің жартысына жуығы.

Халықты жұмыспен қамту мәселесі аппараттық кеңесте қаралды.

– Өңірлік жұмыспен қамту картасы жаңа жұмыс орындарын ашуды, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыруды көздейді. Жастарға, аға буын өкілдеріне және өз ісін ашуға ниетті азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. «Алтын жас» жобасы жоғары сұранысқа ие. Жыл басынан бері оған 618 зейнеткер қатысты, – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Сапабеков.

Облыста биыл кәсіпкерлікті дамыту үшін 510 мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Қазіргі уақытта байқаудың бірінші легіне өтінім қабылдау аяқталды. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жалғасуда.

Жаңа жұмыс орындары инвестициялық жобаларды іске асыру аясында да құрылуда. Соның бірі – QAZCLINKER ЖШС-нің клинкерлік қаптама тақтайшаларын шығаратын зауытының құрылысы. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін мұнда 80 жұмыс орны ашылады. Жалпы, биыл өңдеу өнеркәсібінде 440 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Ал бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша олардың 200-ден астамы ашылды.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыспен қамту мәселелері тұрақты бақылауда екенін атап өтіп, Өңірлік жұмыспен қамту картасының толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.