Қарағанды облыстық білім басқармасы мен Сарыарқа дарыны балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша 9–11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Білім додасына облыстың барлық өңірінен 904 оқушы қатысып, олардың 416-сы жүлделі орындарға ие болды. І орын иегерлері республикалық кезеңге жолдама алып, аймақ намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара барысында дарынды оқушылардың табандылығы мен білімге деген құштарлығы ерекше аталып өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада – тек білім бәсекесі ғана емес, жас талапкерлердің қабілетін шыңдап, болашақ мамандығына бағыт-бағдар беретін маңызды алаң.
№1 Білім-инновация лицейінің 9-сынып оқушысы Әлихан Жұмағали олимпиадаға дайындық жайлы өз ойымен бөлісті:
— Жалпы олимпиадаға 7-сыныптан бері дайындалып жүрмін. Сол уақыттан бастап түрлі олимпиадаларға қатысып келемін. Өткен жылы облыстық олимпиададан қола медаль иелендім. Биылғы дайындық аса қиын болмады, себебі биология пәнін оқығанды жақсы көремін, — деді ол.
Жүлделі орын иеленген шәкірттердің ұстаздары да назардан тыс қалмады. Бірқатар педагогке «Ең үздік жетекші» номинациясы табысталып, озат мұғалімдерге құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, түрлі аталымдар бойынша бірнеше білім беру ұйымы арнайы марапаттарға ие болды.
№1 білім-инновация лицей-интернатының директоры Жасұлан Алмағанбетовтің айтуынша, мектеп оқушылары биыл жоғары нәтиже көрсеткен.
— Біздің оқушылар — мектептің мақтанышы. Олар облыстық олимпиадада 17 алтын, 11 күміс және 21 қола медаль жеңіп алып, жалпы 49 медальға қол жеткізді. Бұл — үлкен жетістік. Олимпиада оқушылар үшін маңызды, себебі оған облыстың қалалары мен аудандарынан, сондай-ақ мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттардан дарынды балалар қатысты, — деді директор.
Салтанатты кеш жас зияткерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, алдағы республикалық кезеңге сеніммен қадам басуға жігер берді. Білім бәйгесінде топ жарған оқушылардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім мол.
Қарағандыда республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды
Фото: Life09
