Teach for Qazaqstan қатысушылары Қарағанды облысында 4 мыңнан астам оқушыны қамтыды

Фото: Life09

Teach for Qazaqstan бағдарламасының Қарағанды облысы мектептерінде екі жыл бойы еңбек еткен екінші легі бағдарламаны аяқтады. Қазақстанда алғаш жүзеге асырылған өңір ретінде Қарағанды облысында үш жыл ішінде бағдарламаның қатысушылары 4 мыңнан астам оқушыны оқытумен қамтып, ондаған білім беру бастамасын іске асырды. Сонымен қатар олар педагогтердің кәсіби қауымдастығы мен мектептердің басқарушы командаларының дамуына елеулі үлес қосты.

Қарағанды облысы Teach for Qazaqstan бағдарламасы алғаш жүзеге асырылған Қазақстандағы өңір болды. Бүгінде бағдарлама өңірдегі сегіз мектепте іске асырылып келеді: Абай, Шахтинск , Балқаш қалаларында, Новодолинский және Ғабиден Мұстафин кенттерінде, сондай-ақ Новоузенка ауылында.

Осы уақыт ішінде өңір мектептерінде бағдарламаның 50 қатысушысы еңбек етті және әлі де өз жұмысын жалғастырып келеді. Олардың қатарында бірінші және екінші лек түлектері, сондай-ақ үшінші лектің қазіргі қатысушылары бар. Тек өткен оқу жылының өзінде бағдарлама қатысушылары 4 мыңнан астам оқушыны оқытумен қамтыды.

Алайда бағдарлама қатысушыларының қызметі тек сабақ берумен ғана шектелмейді. Олар мектептерде балалар мен жасөспірімдердің әлеуетін ашуға бағытталған білім беру және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келеді. Өңірде көшбасшылық дағдыларын дамыту, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, әлеуметтік-эмоционалдық оқытуды дамыту, кәсіби бағдар беру, STEM-білім беруді ілгерілету, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыру бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда.

Осындай жобалардың әрқайсысының артында нақты оқушылардың өмірін өзгерткен оқиғалар жатыр. Мәселен, бағдарлама қатысушысы Назира ҰБТ-ға небәрі бір ай қалғанда білім алу бағытын өзгертіп, физика-математика бағыты бойынша оқуға түсуге шешім қабылдаған 11-сынып оқушысына қолдау көрсетті. Жеке дайындық пен жан-жақты қолдаудың нәтижесінде оқушы ҰБТ-ны сәтті тапсырып, мемлекеттік білім грантын жеңіп алды. Ал тағы бір бағдарлама қатысушысы мектеп бітіргеннен кейін оқуын жалғастыруды жоспарламаған, әскер қатарына баруды көздеген оқушыға қолдау көрсетті. Университетпен таныстырып, ҰБТ-ға бірлесіп дайындалуына және өзіне деген сенімін арттыруға көмектесті. Нәтижесінде оқушы мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, кейін ұстазына: «Сіз менің өмірімді өзгерттіңіз», – деген жүрекжарды алғысын білдірді.

Teach for Qazaqstan бағдарламасы өңірдегі педагогтердің кәсіби қауымдастығын дамытуға да өз үлесін қосып келеді. Өткен оқу жылы серіктес мектептердің 50-ден астам педагогі Педагогтер қауымдастығының жұмысына қатысты. Бұл алаң педагогтерге тәжірибе алмасуға, оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеруге және білім беру саласындағы өзекті мәселелердің шешімдерін бірлесіп іздеуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – мектептердің басқарушы командаларын дамыту. Осы бағдарлама аясында Қарағанды облысындағы мектептердің 30-ға жуық директоры мен директордың орынбасары қатысты. Бастама олардың көшбасшылық құзыреттерін нығайтуға және мектепті дамытуға бағытталған.

«Бірнеше жыл бұрын Teach for Qazaqstan бағдарламасы Қарағанды облысында өз жұмысын бастаған кезде бұл үлкен өзгерістердің бастауы боларына сендік. Бүгінде сол идеяның нақты нәтижеге айналып жатқанын көріп отырмыз. Бағдарлама түлектері мектеп қауымдастықтарының ажырамас бөлігіне айналып, жаңа бастамаларды жүзеге асырып, балаларға шабыт беріп келеді. Олар өз еңбегі арқылы баланың қай жерде тұратыны оның сапалы білім алу мүмкіндігін айқындамауы тиіс екенін дәлелдеуде. Біз үшін екінші лек түлектерінің бағдарламаны аяқтауы – сабақтастықтың, сондай-ақ педагогтердің, ата-аналардың, жергілікті қауымдастықтар мен серіктестердің күш біріктіруі арқылы әрбір балаға мүмкіндік жасауға болатынына деген сенімнің айқын көрінісі. Қарағанды облысы осы өзгерістердің бастау нүктесіне айналды және біз осы үлкен жолдың бір бөлігі болғанымызды мақтан тұтамыз», – деді Teach for Qazaqstan бағдарламасының Қарағанды облысындағы өңірлік өкілі Александр Урмашов.

Бағдарламаның Қарағанды облысындағы жұмысы мұнымен аяқталмайды. Биыл жазда Teach for Qazaqstan жаңа лек қатысушыларын даярлауды бастайды. Ал қыркүйек айынан бастап олар Қарағанды облысының мектептерінде еңбек жолын бастайды. Бұл өңір үшін жаңа педагогтердің келуімен қатар, балаларға, олардың ата-аналарына және мектеп қауымдастықтарына арналған жаңа білім беру жобаларының, бастамалардың және мүмкіндіктердің пайда болуын білдіреді. Қарағанды облысы сапалы білімге тең қолжетімділік идеясын нақты өзгерістерге айналдырып отырған өңір ретінде өз дамуын жалғастыруда.

 

Пабликке арналған қысқаша мәтін

Teach for Qazaqstan қатысушылары Қарағанды облысында 4 мыңнан астам оқушыны оқытумен қамтыды

Teach for Qazaqstan бағдарламасының Қарағанды облысы мектептерінде екі жыл бойы еңбек еткен екінші легі бағдарламаны аяқтады. Қазақстанда алғаш жүзеге асырылған өңір ретінде Қарағанды облысында үш жыл ішінде бағдарламаның 50 қатысушысы 4 мыңнан астам оқушыны оқытумен қамтып, ондаған білім беру бастамасын іске асырды. Сонымен қатар олар педагогтердің кәсіби қауымдастығы мен мектептердің басқарушы командаларының дамуына елеулі үлес қосты.

Биыл жазда Teach for Qazaqstan жаңа лек қатысушыларын даярлауды бастайды. Ал қыркүйек айынан бастап олар өңір мектептерінде жұмысын жалғастырып, балалардың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына және өз әлеуетін ашуына жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.