Қарағандыда жыл соңына дейін 122 жаңа автобус сатып алынады

Сурет: Қарағанды облысының әкімдігі сайтынан

Қарағанды облысында қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Республика күні қарсаңында облыс орталығындағы «Таксокомбинат» автопаркіне 20 жаңа автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін қаладағы автопарктер тағы 122 автобуспен толықтырылмақ. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Қарағанды облысы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

«Қарағандыда автобустар саны көбейіп, мүмкіндігінше жаңа автобустар басым болуы керек. Ескі көліктердің санын азайту қажет. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деп жазды қала әкімі Мейрам Кожухов әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Таксокомбинаттың» жаңа автобустары №28 және №31 бағыттарына бөлініп, бұл бағыттардағы көлік саны артады. Ал №01 бағытында жаңа автобустар ескілерін алмастырады.

Сондай-ақ «Автопредприятие» автопаркі №012 бағытында қатынайтын сегіз жаңа автобустың жеткізілуін күтіп отыр. Ал №3 автопарк жыл соңына дейін бірден 60 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Олар 2013 жылы шығарылған автобустардың орнына пайдалануға беріледі.

Қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары көктемде басталған. Содан бері №29 бағытқа 22 жаңа автобус шығарылса, №07 және №011 бағыттары тағы 12 автобуспен толықты. Осылайша, бүгінде 34 жаңа автобус жолаушылар тасымалына тартылған.

Жалпы, соңғы бес жылда Қарағандыдағы қалалық автопарктердің жылжымалы құрамы 80%-ға жаңартылған.

Мейрам Кожуховтың айтуынша, қоғамдық көлік жүйесін жақсарту үшін ескі автобустарды жаңарту жеткіліксіз. Сонымен қатар бағыттардағы автобустар санын арттырып, қозғалыс кестесінің сақталуын қамтамасыз ету және жолаушылардың аялдамада күту уақытын қысқарту қажет.

«Түптеп келгенде, жолаушылар үшін автобустың уақытында келгені, бағыттарда көліктің жеткілікті болуы және жұмысқа, оқуға немесе үйге ұзақ күтпей жету мүмкіндігі маңызды», – деп атап өтті қала әкімі.

Биыл Республика күні Автомобиль көлігі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл мереке дәстүрлі түрде қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Осылайша, жаңа автобустардың кезекті легі қалаға көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жеткізілді.