Жас дәрігерлер Қарағандының ауылдық жерлеріне бет бұрды

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысының ауылдық жерлеріне жас дәрігерлердің қызығушылығы артып келеді. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында Қарқаралы ауданына алты жас маман жұмысқа орналасқан. Олардың бесеуі – жалпы практика дәрігері болса, біреуі – акушер-гинеколог.

Ауданға келген мамандарға жұмыс орнымен қатар баспана мәселесін шешуге де қолдау көрсетіледі. Қарқаралы қаласында медицина қызметкерлеріне арналған 25 қызметтік пәтері бар тұрғын үй жөндеуден өткізілген. Дәрігерлер мұнда тек коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Бұдан бөлек, жеке баспанасын сатып алуға ниетті мамандар үшін жеңілдетілген несие беру тетігі қарастырылған.

– 2023 жылдан бері ауданымызға жас мамандар белсенді түрде келе бастады. Жалпы практика және бейінді дәрігерлерге 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілсе, орта буын медицина қызметкерлеріне 1,5 млн теңгеден төленеді, – дейді Қарқаралы аудандық ауруханасының директоры Нұрболат Баймұрынов.

Досымжан Асылбек 2021 жылы Қарағанды медицина университетін «Жалпы медицина» мамандығы бойынша тәмамдаған. Интернатурадан кейін оториноларингология мамандығы бойынша резидентурада білім алған.

Бүгінде жас маман аудандық ауруханада ЛОР дәрігері болып еңбек етеді. Сонымен қатар Томар ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жалпы практика дәрігері ретінде ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.

Досымжан Шымкент қаласында дүниеге келген. Соған қарамастан ол кәсіби жолын Қарқаралы ауданында бастап, ауыл медицинасында еңбек етуді таңдаған.

– Ауданға жұмыс істеуге баруды таңдаған себебім – дәрігер медициналық көмекке қолжетімділік әрдайым бірдей бола бермейтін жерлерде аса қажет екенін түсіндім. Жақсы практикалық тәжірибе жинақтап, адамдарға пайдамды тигізгім келді, – дейді Досымжан.

Томар ауылында 1100-ден астам адам тұрады. Жаңа ғимаратқа орналасқан жергілікті амбулаторияда пациенттерді қабылдауға қажетті медициналық құрал-жабдықтың барлығы қарастырылған.

– Ауылдағы жұмыс қаламен салыстырғанда өзгеше. Мұнда дәрігер өз бетінше шешім қабылдай алатын, әртүрлі жағдайға бейімделетін әмбебап маман болуы керек. Бірақ дәл осы орта мол тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыдан шыңдалуға және үнемі ізденуге мүмкіндік береді, – дейді жас маман.

Жас дәрігер Аружан Тәліпбай да Шымкент қаласының тумасы. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін біраз уақыт Қарағандыда жұмыс істеген. Кейін ауыл медицинасында еңбек етіп көруге бел буған.

Қазір Аружан Аманжолов ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жалпы практика дәрігері болып қызмет атқарады.

– Алғашында сәл қиын болды. Себебі жауапкершілік жоғары, жаңа міндеттер де аз емес. Алайда уақыт өте келе ортаға үйренісіп, тәжірибе жинақтай бастайсың. Соның арқасында өзіңе деген сенімің де арта түседі, – дейді ол.

Аманжолов ауылдық дәрігерлік амбулаториясы жаңа ғимаратта орналасқан. Оның қызмет көрсету аумағына Сарыобалы, Ақтерек, Ақбай, Белдеутас, Қызылбай және Қасым Аманжолов елді мекендеріндегі фельдшерлік-акушерлік пункттер кіреді.