Алғашқы қар мен көктайғақ: Қарағандыда дөңгелек ауыстыру маусымы қашан басталады?

Сурет: ЖИ

Казгидромет мәліметінше алдағы күндері Қарағандыда қар мен көшпелі бұлтты жауын-шашын күтілуде. Желдің жылдамдығы 9-14 м/с-ты құрайды. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты дөңгелек ауыстыру қызметін көрсететін маман Саян Бақтияровтың пікірінше қысқа алдын-ала қамданып, жол-көлік апатынан сақтанған дұрыс.

.

"Қарағандыға қыс ерте келеді. Өткен жылдардағы тәжірибеме сүйенетін болсам көліктің дөңгелегін алғашқы қарды күтпей ауыстырған дұрыс. Нақтырақ айтқанда ауа температурасы минус бола бастағанда. Бұл жүргізушінің өзі үшін де қолайлы әрі өмір қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондай-ақ, қала тұрғындарының санын да ескерген дұрыс шығар, бір мезетте бірнеше көлік қатар келгенде мамандар да үлгермей жатады", – дейді маман.

Қысқы дөңгелекке келгенде көлік жүргізушілерінің ойы екіге бөлінеді фрикциялық (лепучка) қысқы дөңгелек алған дұрыс па әлде шегелі ме (шипы)  деген. Бұл сұраққа маман пікірі қандай?

"Көлікке жаңадан отырған жүргізушілерге әрине шегелі дөңгелек дұрыс. Шегелі дөңгелекті қар жаумай тұрып салудан қорықпау қажет. Арнайы бекітілген жылдамдықтан аспасаңыз болғаны. Мен жалпы осы  шегелі дөңгелекке кеңес берер едім. Ал, фрикциялық дөңгелек бірнеше жылдық тәжірибесі бар жүргізушілерге жарайды, бірақ қай дөңгелекті салсаңыз да өзге көліктермен ара-қашықтықты ұстанған жөн". 

.

Көлік дөңгелегінің құны да арзан емес. Бір дөңгелектің бағасы интернет дүкендерде 30 мың теңгеден сатылуда. Маман пікірінше бір дөңгелекпен 3-4 қыс жүруге болады.

"Әрине, ақшаға алғаннан кейін дөңгелекпен бірнеше жыл жүрсек дейді көбісі. Жаңадан алған дөңгелекпен 3-4 қыстан өтуге болады. Бұл жүргізушінің жүретін жолына да байланысты, бірі алыс жолға жиі шықса бірі үй мен жұмыс арасында ғана жүреді. Сәйкесінше аз жүрген дөңгелек бірнеше жылға жарайды", – дейді Саян Бақтияров.

Еске сала кетейік, қазақстандықтар көлік дөңгелегін 1 желтоқсанға дейін ауыстыруы тиіс. Заң бойынша қыс мезгілінде елде жазғы көліктермен қозғалуға тыйым салынады. Бұл туралы kolesa.kz сайты мәлімдейді. Ережені бұзған жағдайда 5 АЕК (12 025 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал, бір жыл ішінде осы ереже қайта бұзылса, онда айыппұл көлемі 20 АЕК көлеміне артады.

 

Ақсая Жалғас

тілші