«Бауырым, сен түрлі видео түсіріп жүрсің ғой. Мына Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылында Берік деген мұғалім бар. Адам портретін кестелеп тоқиды»,-деп кітапханашы Балжан Оспанқұлова апайым айтқан болатын. «Қыс өтіп, жаз келсін апай», дегенім есімде. Күйкі тірлікпен кебіс сүйретіп жүріп күздің жақындағанын байқамай да қалыппыз. Апайыма берген сөзім бар және гобелен өнері бағытында жүрген жерлесімді бір көруге деген қызығушылығым мені Берік Амантайұлымен таныстыққа желкелеп әкелді.
Осы жерде лирикалық шегініс жасауға тура келіп тұр. «Жалпы, гобелен дегеніміз не?»,-деген сұраққа бір ауыз жауап жаза кетелік. Гобелен — қолдан тоқыған кілем-сурет. Қазақ гобелен өнерінің басында Ш. Уалиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО суретшілер одағының мүшесі, Қазақ гобелен өнерінің негізін қалаушылардың бірі Құрасбек Тыныбеков тұр.
Сонымен, Үштөбеге де келіп жеттік. Ауылдағы жалғыз мектепті тауып алу аса қиынға түспеді. Ағамыз бізді күтіп отыр екен. Бірден баяғыдан араласатын ет-жақын адамымыз секілді әңгімесімен баурап әкетті...
- Бұл өнерге аяқ асты келдім. Жасымнан кесте тоқып, сол өнерімді осы уақытқа дейін ұстап жүрмін десем өтірік айтқаным. Гобелен бағытын бастағаныма 7-8 жылдың ғана жүзі болды. Әуелі исі қазақ баласы болғандықтан жылқының суретін тоқып көрдім. Нәтижесі өзіме ұнады. Сонда да болса бірден басқа адамдардың бейнесін тоқуға жүрексініп өзімнің бейнемді тоқыдым. Қолым жаттықты-ау дегенде Абай атамыздың портретіне көштім. Жалпы, мен кім-көрінгенде тоқи бермеймін. Қазақ тарихына үлкен үлес қосқан адамдарды ғана бейнелегім келеді. Сондықтан да Адаш арыстарын түгендеуге кірістім.
Иә, ағамыздың сөзінің жаны бар. Жұмыстарына көз салсақ осы заманғы адамдарды табу қиын. Онысын ағамыз былай түсіндереді:
- Қазір жаңалықты қосып қалсаң «Ана әкім мынанша жеп қойды. Мына министр сотталғалы жатыр» дегендей жаңалықтан құлақ сарсиды. Алаш арыстарының жолын жалғап жүрген адам көрсем тоқыр едім. Бертінгі заманнан өзім тәнті болған Ақселеу Сейдімбек бейнесін тоқыдым. Қаншама жұмыстарымның ішінен өзіме ең ұнайтыны да осы. Сосын, дәл қазір ақиық ақын Серік Ақсұңқардың бейнесін тоқу үстіндемін. Ол кісіні жеке танымаймын. Бір аста сөйлеген сөзі ұнап қалды. Ас аяқталған соң жанына тақалып, таныстым да бейнесін тоқуға рұқсат алдым.
«Сананы тұрмыс билеген мына заманда жұмысыңызды сатып көрдіңіз бе?»,-деген сауалымызға да тұщымды жауап алдық.
- Қаншама жіпті, портреттерге алатын әдемі рамка, кенеп материалдың барлығы да ақша ғой. Оны әрине өз қалтамнан аламын. Осындай шығынның орынын толтыру үшін ара-тұра тапсырыс аламын. Біреулер әке-шешесінің мерейтойы қарсаңында сыйлық жасағысы келеді дегендей... Міне, осылайша ептеп табыс та табамын.Бірақ, аспандағы бағаны айтпаймын. Менің жұмысымның құны шамамен бір қойдың бағасындай. Себебі, көз майыңды тауысып тоқумен айналысасың. Өзің көріп тұрған әр портретке шамамен 1-1,5 айдың мұғдарындағы уақыт кетеді.
Ағамыз Үштөбе ауылдық тірек мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі болғандықтан шәкірттерінің жұмыстарымен де таныстырды. 2-3 жылда қолы жаттығып қалған шәкірттерінің бар екенін өзіміз де көріп қайттық. Сапарлап барған уақытымыз жазғы демалыстың соңғы күндеріне сәйкес келгендіктен ағамыздың 2 шәкіртімен ғана танысудың сәті түсті. Сонда да болса ағамыздың еңбегіне жеміс, шәкірттерінің өнері шыңдала беруін тілеп кері қайттық.
Айсұлтан Жақып