2025 жылдың 5 қазанында әйгілі Madison Square Garden сахнасында алғаш рет ТМД елінің өнерпазы жеке концертін өткізеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Әр шығармасы неоклассикалық стилімен танымал қазақстандық әнші әрі композитор, мульти-аспапшы және продюсер Димаш Құдайберген Нью-Йоркте «Stranger» атты әлемдік турының арнайы бағдарламасын ұсынады.
– 2025 жылдың 5 қазанында Нью-Йоркте Madison Square Garden сарайында кездескенше, - деп жазды әнші әлеуметтік желідегі парақшасында.
Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында аңызға айналған әртістер мен топтар өнер көрсеткен. Олар: Элвис Пресли, Майкл Джексон, Элтон Джон, Мадонна, Бейонсе, Джастин Тимберлейк, Леди Гага, Тейлор Свифт, The Rolling Stones, Led Zeppelin, U2, Queen, Мetallica, KISS және басқа да көптеген әлем жұлдыздары.
Айта кетейік, Димаш Лара Фабианның Лондондағы концертінде арнайы қонақ ретінде өнер көрсетті.
22 шілдеде Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласындағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының орталық ипподромында «Мейкин Азия» IV халықаралық музыка фестивалінің салтанатты финалы өтті.
Фестивальдің жабылу салтанатында Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаровтың жарлығына сәйкес, Қазақстанның халық әртісі, әнші әрі композитор Димаш Құдайбергенге «Қырғыз Республикасының халық әртісі» құрметті атағы берілді.