Қазақ поэзиясы Абайға дейін, Абайдан кейін деген екі заманға бөлінеді. Мен Абайдан кейінгі дәуірдет өмір сүріп жүрмін. Енді шөп те өлең, шөңге де өлең емес!
70-ке жетіп, арғы-бергіні шолып отырсам, жазған, сызғаным 10 томнан асып кетіпті. Абайды қайта-қайта шолып, есімді жинап алған соң,-- 7 томға түсті. Әзер түсірдім! Осы «Homo Soveticus" атты 7-томдық таңдамалымда тұрғаны--менікі, қалғаны--менікі емес. Енді соны баспаға дайындау үстіндемін.
50 жыл жазғаным осы 7 томдықта ("1.Ақсораң 2. «Қараорман», 3. «Шыбынжан», 4. «Ұзан», 5. «Көкейімде-Күлтегіннің Жазуы», 6. «Мыйдағы код», 7, «Homo Soveticus, (поэма-өлеңдер, қарасөз, эссе) толық қамтылады.
Мұның өзі де тым көп болып тұр маған,–«іштен шыққан шұбар жылан» дегенің, міне, осы екен?!.
«Алла ғұмыр берсе, тағы да көрерміз? Ақын болған соң, Қаракөктің тұқымы , Аға сұлтан Құнанбайдың баласы болмағаннан кейін бәріміздің бойымыздан Тайбуырлының қырық үш күндік кемдігі тайға таңба басқандай, анадайдан көрініп тұрады. Мұны біз өзіміз байқай бермейміз, оны талғампаз да терең Құртқа-Халық (екі көзімен емес!),Тәңірісі берген үшінші– төбе көзімен көреді. Әдебиеттің Ақи Иесі, талғампаз сыншы Күреңбайы да-- осы. Біз келеміз де-- кетеміз. Мәңгілікке қалатын ----Халық! Дәлдүріш онымен ойнайды... Һас талант оған іштей жан-тәнімен тәнті болады. Шынайы шығарма, міне осы махаббаттан туады! Абайдың "Махаббатсыз дүние--дос"-дегені содан
Қазақ поэзиясы цивлизацияның құлағында ойнап тұр ( Темірхан т.б.) 60-70-80- жылдардағы қазақ жырының алтын ғасыры алып бір аккумулятор сынды, – ұлтына рух беріп келеді әлі! Ғаламдасу деген жыртқышқа қазақтың қасиетті топырағында туған, “Табаны Алашта болғанда, тапжылмайтұғын Антейдей” (Кеңшілік) қазақ әдебиеті ғана төтеп бере алады,– ( әке-шешесі белгісіз шата постмодернизм емес!).
“Мен де жасымда шамама қарамай, өлеңде өзімше неше түрлі экспериментке барған кісімін. Сонда маған Ахаң (А. Сейдімбек): “Бауырым! Дүниежүзілік поэзияда қазақтың қара өлеңінен өткен озық үлгі жоқ!”-деп еді. Бұ сөзді 1975 жылы Керекудегі жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінде ұлттық жырымыздың корифейі Қуанағадан (Қ. Шаңғытбаев) алғаш естіп едім, сол сөздің тереңіне ой жүгіртіп қарап, қараөлеңге ақадал қалпымда қалып қойдым. Оның ұлы потенциалын, біз түгілі, бір ғасырда бір-ақ мәрте туатын Мұқағали да сарқа алмай кеткен! Қара өлеңдегі “Сырғаңды қайық қылып өткіз мені?” деген сиқыр жол Батыстың қай шеберінің аузына түсіп еді? Әрбір жас ақынның жазу үстелінде халық эпосы, жыраулар поэзиясы, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Өтежан, Сағи, Фаризалардың томдарымен қатар Тыныштықбектің (Әбдіхакімов) «Ақшам хаттары» да жатуы керек-- көзі қарақты Алаштың адастырмас алтын қазығындай! ...Басқасына назар аудармасаң да болады...
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ