(Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған "Көкірегім--көне кітаптан туған ой).
Абай: “Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – Жаратқан Тәңірінің ісі. Бұл ғада¬ләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара ал¬маймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» – дейді! Бойыңда сол Алланың хикметінің нышаны болмаса, қолға қалам ұстап қажеті жоқ!
Адам махаббат пен ғаділетті сезініп, соған мағұмырланып өмір сүрсе, абсалюттік ақихатқа жақындай түседі. Санасына Тәңірінің осы сәулесі түскен пенде ғана--Адам, басқасы--қоғамдық хайуан ғана. Абай мен Мағжан, Ілияс пен Қасым, Мұқағалиларға һәм осы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған Айт-Ман -Светқали Нұржанға Тәңірінің сәулесі түскен.
Кейінгі кезде поэзия шебер, ісмерлердің қарекетіне айналып барады! Санасына Тәңірінің сәулесі түспегендер өлеңнен--өлең жасай бастады; өлең Тәңірінің сәулесі емес, күнделікті кәсіп, машыққа айналды. Ақын – топырақтан, ата-баба дәстүрінен, атаның белі, ананың құрсағынан туады. Ақыннан – ақын тумайды. Туса--өзінің де, өзгелердің де соры...
Жаратушы Жасаған Жалғыз Бір Иеге имандай сеніп, бас имеген пендеден жөнді ақын шықпайды. Гете, Пушкин, Лев Толстойлардан бастап, Абайға дейінгі ақындарға қараңыз,-- бәрі де дінге риясыз сенген. Содан ерекше бір күш, қуат алып, шалқар шабытқа бөленген! Жерден, пендеден келетін дүниелерден гөрі көктен, --Тәңіріден келетін хабар-ошардың құдыреті ғажап! ”Алланың өзі де рас, сөзі де рас”-деп, Хакім-Абай босқа айтпаған ғой!
“Қарқаралы басында жалғыз арша, Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша” демекші, біздің ішіміздегі исламның тереңіне жүзген ақын Светқали Нұржан (Айтман) ғой? Маңғыстаудағы үш жүз алпыс әулиенің ілімі оның тұла бойына сіңіп кеткен! Қалғанымыз Құранның бетін ашпай-ақ, Құдай туралы “өлең” жаза береміз. Көйітіп...
Бізге қарағанда орыс ақындары Құдайға қараған: әріге ұзамай, бергі, бізбен заманы бір орыс шәйірлерін қыдыра шолып көріңіз: православиенің түбіне бір түсіп шықпаса, Андрей Вознесенский “Исаның соңғы жеті лебізі”, Юрий Кузнецов “Исаның жолы” атты жырларын жаза алмас еді! Біз өзіміздің Қожа Ахмет Яссауиді де оқымай-ақ, исламды жырлай береміз ғой?!. Ақын Құдайға ғана сенетін адам болуы керек. Басқа—ешкімге! Жер бетінде Тәңірінің сөзін Ақыннан басқа басы жұмыр пенденің ешқайсысы да айта алмайды. Алланың Жердегі елшісі –Ақын. «Знала, что он в больнице. Беспокоилась, молилась о его здравии. И хотя он не был крещён, Христа он любил,-деп жазды Игор Шкляревский туралы ақынның ақылды бір замандасы,--«Верил, что Бог любит его. Потому в молитве я так и добавляла к прошению: Господи, исцели заблудшего раба Твоего, ещё не пришедшего к Тебе, но любящего Тебя. О любви к Богу он говорил мне не раз. Но я никогда в том и не сомневалась. Иначе как бы он мог оставаться таким глубоким лириком?!»
Ақынның миымен қоса, жүрегі де жұмыс істеп тұруы керек; өлең жазғанда кеудесінде жұмыр жүрегі лүпілдеп тұрмаса, оның “өлеңі” жансыз, бос сөзге айналады. Оны әуре болып, тақылдаған ұйқасқа түсіргеннен гөрі, мақала ғып жаза салған жақсы...
Поэзия--махаббат, ғаділет сезім ( Абай). Ақынның миындағы мұздай салқын ой жүрегіндегі оттай ыстық сезімге оранбаса, өлең тумайды; өлең екен деп, дидактикалық түсік тастап жүре береді... Профессионал халтурщиктер содан күшікше өріп жатыр.
Соңғы кезде, қалай екенін қайдам, менің есіме Пушкиннің «Моцарт пен Сальериі» қайта-қайта түсе береді. Екеуі ет жақын, дос-жаран болған. Сыйлас-сырлас. Бір-бірін, композитор ретінде, басқа әріптестерінен гөрі жақсы түсінген. Пушкинге сенсек, (сенбеуге қахымыз да жоқ!), Сальери Моцартты улап өлтіреді! Хас талант пен кемталанттың (Асқар Сүлейменов) теке-тіресі ақырында осылайша қасіретпен тамамдалды... Қазір не көп,--ақын көп. Ғұмырымның жарты жылы 20 ғасырда өтті. Мен – советтік тоталитаризмнен көресінін көріп, шаршап-шалдыққан, ел егемен болғанда шәпкісін көкке көтеріп қуанып, бүгінде баяғы алып, ұшқан асау көңілі су сепкендей басылып қалған аға буынның бір өкілі едім. Көштен қалғам жоқ, бірақ. Ең жаманы – соңыңнан келе жатқан тегеурінді толқынға ілесе алмай,-- жағалауға шығып қалған, сонсоң, қолына қалам ұстап, ел-жұртына бірдеңе айтсам дейтін адамға өзіңді өзің іздеп таба алмай жүріп, біреудің көлеңкесінде отырып алып көйткеннен өткен жаман нәрсе жоқ. Мәселе-- жасы кіші болса да, қара өлеңнің қия беліне шығып кеткен осы Айт-Мандардан қалып қоймай, осыларға ілесіп келем, соған тәуба. Светқали—менің Жарық Дүнием, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа бірден бір лайықты тұлға! Бұл сыйлықты баяғыдағыдай жеті адамға бірдей үлестіре салуды қою керек, одан оның құны кетеді! Екі адам алса біреуі осы Айт-Ман болуы керек, меніңше!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ