BANNER

Алламен мен тек қазақша сөйлесем...

Qalamger.kz

 

(Ғұмырбаяндық эссенің жалғасы)

Әкем Ақсұңқар(1912-1970 ж.ж.) партия-совет қызметкері, 1928 жылдан коммунист, әуелде--мұғалім, Қарқаралы аудандық партия комитетінің хатшысы, Ұзынбұлақ, Сталин қолхоздарының бастығы, ЦК-ның парторгы қызметтерінде болған адам (1937-1959 ж.ж.). Бір атадан тоғыз туып, жалғыз қалған, біреулері--репрессияға ұшырап, біреулері соғыста кеткен-- хабарсыз, біреулері аштан өлген. Қайда көшсе де жетім-жесір өрен-жаранын өзімен бірге алып жүрді. 58 жасында дүниеден қайтқан. Одан қалған бес баланы 42 жасында жесір қалған шешем жалғыз өзі  өсірді. Қарқаралы-Қызыларай өңірінде ерекше сыйлы болған адам еді.

Анам-- Һалифа Рамазан шыққан нағашы жұртым қахында бір шымыр дүние жазсам деген ой шешем бақидан фәниге көшкен күннен бері жаныма маза бермеген. Ел ақынның қара тырнағынан бастап, тұла бойының бәрі сезім дейді. Айбайда “Алланың хикметі-- махаббат, ғаділет сезім”---деген бір сөз бар. Өзімше мен де ақынмын деп жүргем, шешемнің қадір-қасиетін осы опасыз дүниеге тастап кеткен күні бір-ақ сездім. Орыны үңірейіп қалған соң...

Басында сол кісіге жырдан ескірмес бір ескерткіш орынатсам деп, ұлы нағашым, Алашқа ислам дінін сіңірген Қожа Ахимет Яссауи туралы поэма жазсам деп ойлағам, жалғанның жарығына шыққан соң, өзіме де ұнамай қалды. Кейіннен жеке-жеке өлеңге айналдырып жібердім. Поэма шықпады. Ұлы Нағашының образы жасалмай қалды.

Жаратушы Жасаған Жалғыз Бір Иеге имандай сеніп, бас имеген пендеден жөнді ақын шықпайды. Гете, Пушкин, Лев Толстойлардан бастап, Абайға дейінгі ақындарға қараңыз,-- бәрі де дінге риясыз сенген. Содан ерекше бір күш, қуат алып, шалқар шабытқа бөленген! Жерден, пендеден келетін дүниелерден гөрі көктен, --Тәңіріден келетін хабар-ошардың құдыреті ғажап! ”Алланың өзі де рас, сөзі де рас”-деп, Хакім-Абай босқа айтпаған ғой!

“Қарқаралы басында жалғыз арша, Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша” демекші, біздің ішіміздегі исламның тереңіне жүзген ақын Светқали Нұржан (Айтман) ғой? Маңғыстаудағы үш жүз алпыс әулиенің ілімі оның тұла бойына сіңіп кеткен! Қалғанымыз Құранның бетін ашпай-ақ, Құдай туралы “өлең” жаза береміз. Көйітіп...

Бізге қарағанда орыс ақындары Құдайға қараған: әріге ұзамай, бергі, бізбен заманы бір орыс шәйірлерін қыдыра шолып көріңіз: православиенің түбіне бір түсіп шықпаса,  Андрей Вознесенский “Исаның соңғы жеті лебізі”, Юрий Кузнецов “Исаның жолы” атты жырларын жаза алмас еді! Біз өзіміздің Қожа Ахмет Яссауиді де оқымай-ақ, исламды жырлай береміз ғой?!. Ақын Құдайға ғана сенетін адам болуы керек. Басқа—ешкімге! Жер бетінде Тәңірінің сөзін Ақыннан басқа басы жұмыр пенденің ешқайсысы да айта алмайды. Алланың  Жердегі елшісі –Ақын. «Знала, что он в больнице. Беспокоилась, молилась о его здравии. И хотя он не был крещён, Христа он любил,-деп жазды Игор Шкляревский туралы ақынның ақылды бір замандасы,--«Верил, что Бог любит его. Потому в молитве я так и добавляла к прошению: Господи, исцели заблудшего раба Твоего, ещё не пришедшего к Тебе, но любящего Тебя. О любви к Богу он говорил мне не раз. Но я никогда в том и не сомневалась. Иначе как бы он мог оставаться таким глубоким лириком?!»

1999-ш жылы қолыма Валерия Порохованың «Құран. Мағынасы мен түсінігі» атты еңбегі түсіп, сондағы он шақты аятты соның  "негізінде түзілген көркем ой"-деп ( "Төбемнен жауһар жауып тұр" деген кітапта тұр),  шешеме оқып беріп едім, о кісінің көзі шарасынан шығып кетті: “--Балам-ау, Құранды, Құдайдың сөзін аударуға болмайды ғой?!"-дегені?!.».

Шешеме И. Ю. Крачковский пен Г.С.Саблюковтың, В. Порохованың тәржіма кітаптарын көрсеттім. Кітап дегенді керемет кие деп ойлайтын шешемнің Құранды да тәржімалауға болатынына  көзі әзер жетті... Сол  кісі дүниеден қайтқаннан кейін маған маза бермей қойған бір жыр ("Нағашы жұрт")  түнде--түсім, күндіз-- ойымнан кетпей, ойұшына ақындық қарымым жетпей жүрген дүнием еді. Біразы қағазға түскен, іште оған да түсіп үлгермеген  эскиздері бар еді. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қожалар қахындағы "Асылзада" атты эссесіндегі қуғын сүргіндегі нағашы жұрт, көресінін көріп, Қытай ауып, бүгінде 90-ға келген Абрар ата шерімді қозғап жіберді. Жырдың  бірінші нұсқасы, екінші, үшінші нұсқасы да шикілеу түсті. Мен Мұқағали емеспін ғой? Ол бір-ақ мәрте жазып, оған қайта қарайламай, жүре береді екен. Тәңірі ондай көл-көсір қуатты маған бермеген. Түзеп, күзеп, шұқылап отыра берем,--қашан кемеліне келгенше. Менікі--бейнет.

Алламен мен тек қазақша сөйлесем,

Тек қазақша ой кешем.

Ол орысша Пушкинді де түсінген,

Ол немісше Гетені де түсінген.

Мен қазақша содан медет сұраймын,--

Ішімнен!

Шекспирі --бір әлем.

Киплинг те арбайды бір дуамен.

Өзі мені қазақ қылып жіберген,

Маған салса, ағылшын боп туар ем...

Ол Құранды араб тілінде түсірген,

Гете оны немісше ойлап,-- түсінген.

Оны мен де қазақша ойлап, түсінгем.

Мен қазақша одан медет сұраймын,--

Ішімнен...

Менде де бар кіндік кескен жұртым, ел.

Елден ерек менің-дағы ұлтым өр!

Тәңірімен жат тілінде сөйлессе,

Тексіз ғой деп, тыңдамауы мүмкін ол...

 

СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ