BANNER

Дәуітәлінің «Жұмағы мен Тамұғы»

Егемен Қазақстан газетінен

Серік   АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

 

Осы жас буынның дидарына қарасам, көзіме өзімнің періштедей балауса бала күнім, кеудемде жыр тулаған, қайран, жиырма бесім елестейді. Әлі есімде... Ресейдің Пенза қаласында әскери борышымды өтеп жүрген кезім. Бір күні шешемнен қалың хат келді. Ашып қалсам, алтынмен апталғандай әп-әдемі кітап  —  «Көктем тынысы»! «Жазушы» баспасынан жарық көріпті. Көлемі он бас­па табақтай! Ол кезде бұл – біздің түсімізге де кірмейтін дүние. Қырық шақты ақынның жыры. Бейнебір, антология секілді! Несіпбек Айтұлы, Исраил Сапарбай, Жұматай Жа­қып­баев, Заида Елғондинова, Иран Ғайып  алғаш рет оқырмандарымен осы кітап ар­қылы жүздесті. Дәуіт ағам (Дәуітәлі Стамбеков) кітап құрастырушыларға жалынып-жалбарынып жүріп, мені әзер қосыпты. Беташарын қазақ әдебиетінің классигі Тұм-Ағам (Молдағалиев) жазған. Екі-үш ақынмен қоса менің де аты-жөнімді атаған екен. Жү­регім лүпілдеп, жүрелеп отыра қалғаным есімде... Бұл – 1975 жыл. Мен жиырма бес жаста едім.

Бірінші кітабымды шығару мен үшін азап болды. «ХХ ғасырдың жиырма сәтін» алты жыл арпалысып жүріп, отыз төрт жасымда жалғанның жарығына әзер шығардым. Көлемі бір баспа табақтай. Цензураның қа­тал тезінен өткен.  Редактор шимайлаған... Өлеңдерімнің нобайы бар да, өзі — жоқ!

Қазіргі жас ақындардың алғашқы кітабы Мұқағалидың тұңғыш таңдамалысы «Өмір –  өзендей» – бір том! Тәңірі жарылқаған Тәуелсіздіктің арқасы – бұл!

Дәуітәлінің есімін естіген сайын әлі күн­ге дейін егіліп отырамын мен... Алматыда туған-туысым, арқасүйер көкем, атбасын тіреп түсетін үйім жоқ. Дәуітәлінің үйі  –  Са­рыарқаның алтын бекетіндей. Алаштың бү­гінгі айтулы ақындары Абзал Бөкен, Ғалым Жайлыбай, жазушы Роза Мұқанова осы үйден шығып, Коммунистер даңғылындағы 105-ші үй – Қазақстан Жазушылар одағына имене кірген-ді...

Ол Қасым мен Пушкинді өле-өлгенше пір тұтып кетті.

Дәуітәлі Стамбековтің мына жарық дүниеге ақын болып келмеуі – ақылға сыймайтын дүние десе болады. Кіндік қаны там­ған топыраққа қараңыз: Алашорданың үш бірдей арысы Әлихан Бөкейхан, Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермековтің туған жері.

– Совет өкіметі Ақтоғайды неге жек көреді?! Білесіңдер ме?» – деуші еді кейде Дәукең ашуына бір мінген кезінде.

Үндемей құтыламыз.

– Ақтоғайға неге шойынжол тар­тыл­маған?! – дейді Дәукең одан сайын қаһа­рына мініп.

– Оны мен қайдан білейін?

– Оны білмесең, қолыңа қалам ұстап, несіне кісімсініп жүрсің?!

Көкемнің мінезі өзіме белгілі. Үндемей құтыламын... Біраз уақыт үнсіз отырады да:

– Совет өкіметінің үш қас жауы осы топырақтан туған! Соларға кеткен өшін алу үшін бізді құс ұшып, құлан жортпас құла түзге қалдырып отыр! – деуші еді...

Мұны естігенде Ақтоғайдың коммунис­терінің зәре-құты ұшып, орындарынан тұра-тұра қашатын... Солардың көбісінің көзі әлі тірі.

«Совет өкіметін иттің етінен де жек көрген қазақтың үш боздағы осында туған!». Не деген сөз?! О кезде мұндай сөзді айту үшін адамға арыстан-жүрек керек-ті. Әсі­ресе, қазаққа!

Ұлқаш (Есдәулет)  Совет өкіметі кәріне мініп тұрған 80-ші жылдары Дәуітәлінің  Жазушылар одағының бір пленумында  «Совет өкіметі құласа (?!), Маяковскийді ешкім оқымайды!»  дегенін өз құлағымен естігенін аңыз ғып айтып жүр!

«Ассалаумағалейкум, Ақырзаман!» деп жазды ол сол кезде.

...Біреулер заманның балын жалап жат­қанда, ол уын ғана ішіп жүрді...

«Достарым менің – ұрылар!

Достарым менің – бандиттер!»– деп жазды ол 70-ші жылдары. Совет өкіметіне ерегісіп айтқаны!

Халықаралық «Алаш» сыйлығына ұсы­нылғанда ол өлім аузында жатқан. Лауреат болғанын естімей кетті марқұм. Соңғы кітабы – «Жұмағым мен Тамұғымды» қолы­на ұстай алмай да кетті.

Ол маған бір өзі – бір әдеби ортадай болған тұлға еді.

Алматыға келсем, атбасын Дәуітәліге тіреймін. Буырқанып, Қазақстан Жазушылар одағының үйіне келеміз.

– Қашан келіп едің?– дейді Қадағам (Қадыр Мырзалиев).

– Келгеніме 2-3 күн болды,– деймін күмілжіп... 

– Ендеше, өзіңе-өзің келіп ал... Сонан соң, маған келесің ғой!

Әдеби ортаға алысқанмен алысып, жұ­лысқанмен жұлысып жүріп, мені сүйреп әкелген  –  сол! «Менің пірім – Сүйінбай» деген Жамбыл тәтем. Менің пірім – Қасым мен Дәуітәлі! Алдыңда Дәуітәлідейін адуын­ды азамат ағасы болмаса, мына дү­ниеде мендей Серік Ақсұңқар деген басы жұмыр пенде  болар еді. Ақын болмас еді! Алматыға келсем, көзіме Дәуітәлі елестейді. Бәрі  –  бар. Дәуітәлі  –  жоқ...

Ақынның алдында – Алла, арқасында – Аруақ болу керек! Екеуінің ортасында – Алаш! Басқа ешкім болмауы керек! Ақынның «Жұмағым мен Тамұғым» атты жыр кітабы – соның бір нышаны. Алаштың ақылы – алтау, ойы – жетеу болып тұрған 90-шы жылдары жарық көрді де, әдеби орта мен қалың оқырманның көзіне түспей қалды...

***