ҒАБЕҢ* ҚАЙДА?

ашық дереккөз

Ержан бауырыма.

Сәкен кеткен...

Ахаң** да кетіп еді,

Ақселеусіз Арқа да жетім еді!

Жалғыз өзі  сол Ғабең Жаңарқаның,

Жаһандағы сыңары секілді еді!

Сен, бауырым, солардың соңғысы ма ең,

Қайталанбас қазақи болмысымен?

Сен қаныңмен онымен бірге тусаң,

Мен жаныммен бір туғам сол кісімен!

Енді қашан Ғабеңдей  ұл туады?

Туа салып қиянға ұмтылады?

Қарағанды дейтұғын бұ шаһарда,

Ғабең тұрған үй қайда?!...

Кім тұрады?

Үңірейген орыны мұңайтады,

Хан айтатын сөзді енді құл айтады!

Қарағанды дейтұғын бұ қалада,

Ғабең айтар сөзді енді кім айтады?!

Еңіреген ерім деп ел екенбіз,

Кемел жұрттың көбінен кем екенбіз!

Енді қалған ғұмырда «Ғабең қайда?!.»-

Деп өтеміз осында сен екеуміз...

 

*Ғабдолла Құлқыбаев,  проф, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы

**А. Сейдімбек.

 

Серік Ақсұңқарұлы