Иманбек Зейкенов Spotify сыйлығын жеңіп алды

Иманбек Зейкенов Spotify сыйлығын жеңіп алды

Танымал қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов Spotify сервисінің арнайы сыйлығына ие болды. Ол ТМД бойынша трегі 1 млрд-тан аса мәрте тыңдалған тұңғыш музыкант. Жас таланттық  Roses-Imanbek Remix атты әуенін тыңдағандар саны бүгінде әлем бойынша 1,5 миллиардтан асып кеткен, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

Аз уақыттың ішінде бүкіл әлемге танымал болып үлгерген жас музыкант Billions Club-қа қосылды. Оның плейлист бойынша «көршілері» - Билли Айлиш, Трэвис Скотт, Адель және басқа әлемдік атақты музыканттар. Мұның алдында Spotify-дың дәл осы марапаты канадалық рэпер Дрейк, норвег диджейі Kygo және британ әншісі Дуа Липа иеленген болатын.

Айта кетейік, аталған ремиксімен әлемдік музыка чарттарында қара үзіп алға шыққан Иманбек Зейкенов ән әрлеуді жергілікті диджейлер мен продюсерлерден және Youtube желісіндегі видеосабақтан үйренген. 2019 жылдың жазында Иманбек Saint Jhn атты рэпердің Roses атты әнін тауып, соған ремикс жазуды қолға алады. Бұл композиция үш жыл бұрын шығып қойған болатын. Иманбек әнге ремикс жазып, оны әлеуметтік желіге жариялады. Арада бірнеше ай өткенде ол поп жұлдызға айналды. Өткен жылы қазақстандық музыканттың Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығын жеңіп алды.