ҚУАНЫШ* АҚЫННЫҢ АЛМАТЫДАҒЫ ЖАЛДАМАЛЫ ҮЙІ

ашық дереккөз

Қуаныш елден бөлек бала ақын-ды,

Ішінде бала ақынның дара тұрды.

Соңымнан ілесе бір сол ұшып ед,

Мен серпіп жібергенде қанатымды.

Ыбырай Жақаевтің жерінде өнген,

Шаһ шәйір– Шаһизада серілермен,–

Қасымда Қуаныш пен Есенғали,

Жасымда сайран сап ем перілермен!

Өте ыстық сол күндердің маған өңі,

Ақындар сайран салған заман еді.

О кезде ғажап еді өмір бұдан,

О кезде Аманхан да адам еді!

Бұл үйдің елден ерек ырысы бар,

Шашбауға, төкпеуге де тырысыңдар;

Елде жоқ, жерде де жоқ, Шиелінің,

Тау-тау боп жатқан қап-қап күріші бар!

От-Аға– Қуаныштай асқар тауы,

От-Ана– Розаның** дастарханы;

Маржандай күрішін сап балдан тәтті,

Базардан сатып әкеп, бас тартады!

Қайда олар?!

Жоқ қой көңіл күйім көптен?

Сүйініп жүріп, енді күйінбек пе ем?

... Ең ғажап поэзия кешім де осы

Ақынның жалдамалы үйінде өткен...

 

*Қуаныш,- мархұм, жас ақын, 1958-2013 ж.ж. Жазушы Қуандық Тұменбайдың інісі еді.  **Роза,-жұбайы.