(Ғұмырбаяндық эсседен)
Мен осы жасыма жеткенше екі планетада ғұмыр кешіп келемін; біреуі--Жер-Ана-деп аталатын--Макро-Әлем, екіншісі--Қызыларай-Қарқаралы-Қарағанды атты--Микро-Әлем. Мен әлі күнге дейін осы екі әлемде өмір сүріп жүрмін. Мына Жарық Дүниеде кіндігім Ақжарық-Ақсораңға түсіп, қазақ боп жаралмағанда адамзаттың керуен көшіне ілесер ме едім, ілеспес пе едім? Оны бір Құдай біледі.
Совет одағының кезінде тау елінің бір баласы кісі қолынан жазым болып, қылмыстық іс дауға айналыпты. Оны өлтірген де тау елінің тұрғыны екен. Жоғарғы сот бір тоқтамға келе алмай, істі Жоғарғы Советтің Президиумына әкеледі. Бәрі де ату жазасын ұсынады. Тек Ақын Расул Ғамзатов қана үкімге қарсы дауыс береді.
"--Мұныңыз қалай?!-дейді Президиум мүшелері аң-таң қалып,--Жендетті ақтағыңыз келіп тұр ма?!".
"--Біздің авар жұртында бір дәстүр бар еді,-депті сонда Расул--Біз дастарханынан дәм татқан үйді жамандыққа қимайтын елміз. Мен бұл жігіттің шешесінің қолынан шай ішіп едім..."
Қызыларай-Ақтоғай-Қарқаралыда мен дәм татпаған үй жоқ. Дүниеге шырылдап келгеннен осы күнге дейін осы жұрттың топырағы мен ата-баба аруағы, ел-жұртымның дәмі жебеп жүр мені! Мен елден кетердегі алты жасар баласынан бастап, алпыс бел, жетпіс белес, сексеннің сеңгірінен асқан ауылдастарымның бәрі көз алдымда.
.
.. Прозаға да поэзия деп қарадым. Адам Ата – Һауа Ана жаралғалы адам баласының болмыс-бітімінің 99 пайызы Анти-Поэзия дейтін қоғамдық құбылыстан тұрады. Бір-ақ пайызы ғана – Поэзия. Менің көзім соған жетті. Алла ғұмыр берсе, бір күні сол қара сөздерімді «Анти-Поэзия» деген атпен жарыққа шығарам. Мен оның бәрін осы құбылысқа ерегесіп жазып едім.
Өмір – менің Әлия мен Халифат, Әлиім мен Нәзира, Айша мен Әлиханымдай-- әдемі! Өзегім өртенеді де тұрады. Сол кезде өлең жазамын. Өлең жазбайтын адамға қызыға, қызғана қараймын. Тағдырдың маңдайға жазғаны осы болса қайтем енді?
Әкем – Ақсұңқар Сүлейменов. Ол кісінің кім болғанын айтып жатпаймын. Аты айтып тұр. Мен де жапалақша күн көре алмадым. Өмір сүрдім. Қандай өмір екенін өлеңдерім айтуға тиіс. Анам – Һалифа Рамазанқызы. Түбім – қырғыз, нағашым – қожа көрінеді. Ақындық маған ана жұртымнан ауысқан болар. Арабша жазсам, Алла жарылқап, абыройым асар ма еді, кім біледі. Бірақ мен қазақша жаздым. Бұл – ғаламдағы ең ұлы тілдердің бірі һәм бірегейі. Қазір оның қазаққа да қажеті шамалы болғанымен, күндердің күнінде ақыл-есі кемел адамзат қазақ тілінің ғажайыбына аң-таң қалатын болады.
Мұхтар Мағауин "Шыңғысхан" романында қырғыздың Құсшы руы туралы баяндайды.Түбіміз қырғыз көрінеді... Ата-баба шежіресінде Енесай бойынан келген қырғыз делінеді. Ал, Мұхтар Мағауин Абылай 1777 жылы Құсшы тайпасының біразын Сарыарқаға түп көтере көшіріп әкеліп, шұрайлы қоныс беріп, қазаққа қосқанын айтады. (М.Мағауин «Шыңғысхан». Алматы, 2001, 335 бет): “Қазан төңкерсі қарсаңында Қарқаралыдағы сол Құсшы тайпасы бір мың шаңыраққа жеткен екен. «Ал манадан бері ұстанған жолымызбен, қазақтағы Құсшы қауымынан кімдер бар десек, Х!Х ғасырдан әйгілі Шөже ақын, сондай-ақ, қазіргі замандағы белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы Арғын Қаракесек құрамындағы Құсшы табынан болады, ал Төлеңгіт тайпасының құрамындағы Құсшы руынан ХХ ғасырда жасаған атақты биші Шара шыққан.» («Шыңғысхан», 335 бет).
Қарқаралының ақи иесі Қарашор осы жерге 18 ғасырда келіп мекендесе, менің Құсшы атам да бұ жерге солармен, ілесе, қапталдаса ат басын тіреген екен. "Қарқаралының тауын айнала отырған Қарашор Түркістаннан ауып келе жатқанда, Бетпақтың даласында қарада Киікбай би туыпты. Қаз дауысты Қазыбек бидің есебінше, адам жасын салыстырып қарасақ, Қарашор 1748-ші жылы Арқаға келген болады."-деп жазған Ахмет Байтұрсынов.
Мен болсам, шыққан тегімді жасырған емен. Әлікей Марғұланның айтуына қарағанда, Қызыларайдың Ақсораңында Манастың аты су ішкен құдық бар-мыс; Қызыларай-Қарқаралы қырғыздарының шежіресі соноу Манас заманына барып тіреледі (“Ежелгі жыр-аңыздар"). Оны індетіп зерттеп жатқан ешкім жоқ әлі?
Пушкиннің түбі-- араб, Лермонтовтың түбі-- шотландиялық екен. Бірақ, осылардың екеуі де орыс жырын орыстың өзі шығара алмаған шырқау биікке шығарып кеткен. Алашыңа бір ауыз соны лебіз айтсам деп, қолыңа қалам ұстап, ақ қағазға телмірген екенсің, мәселе сенің қайдан шыққандығыңда емес, сол топырақта жүріп, қай белге, қандай биікке шыққандығыңда. Ақынның автопортреті--шығармасы. Оның кім екендігі көзі қарақты адамға содан тасқа таңба басқандай көрініп тұрады. Жас кезде бірге өлең жазып, бірге ішіп, бірге жүрген, кейін келе не өмірде, не өлеңде жолы болмай, менімен ұстасып алған бір жазарман мені сыртымнан "ол--қырғыз ғой?!.." деп, кекетіп жүретін көрінеді. Өзінше "текті, ақ нәсілді арий" боп, "ол-- негр ғой..." деген сықылды мұқатқан түрі?!. Содан өзі керемет ләззат алатын секілді?!.Өзі, бірақ, "қазақ" боп, қазақша менің жазғанымды жаза алған жоқ. Арқадан осы күнгі әдебиетте менің буынымнан көзі тірі жүрген үшеу, әзірше... Кейін туа жатар? Мынау болса, бізге ілесе алмай, қалып қойды, оған біздің қандай кінәміз бар?!
Төрт салт атты
Соғыстың шарпып өткен өрті-ай, жылдам,
Естияр ағалардан ерте айырылған,--
Төрт бала--
Қазақ дейтін жыр-еліне,
Төрт атқа мініп келдік --төрт ауылдан.
Дәуітәлі* деген, шіркін, қандай жігіт,
Жырлады Жыландысын хандай қылып!
Көргені көзін ашып жылан еді,
Жұтты ғой сол соңынан қалмай жүріп...
Қарасаң, тау басында--обалары,
Әр жерде бір-екі-үштен молалары;
Жүрсіннің** туған жері--жер түбінде,
"Жер жоқ-деп өзі айтады--одан әрі..."
Көрсетпей өркениет қарасын да,--
Мен туғам Қызыларай даласында.
Өскенмін Мауглидей*** асыр салып,
Арқар мен арландардың арасында!
Көгілдір Ақсораңның аспаны мен,--
Көк жасыл!--
Көрмедім ғой басқаны мен!
... Ғалымның****туған жері--станция,
Пойыздар жүйткиді онда составымен...
Жұт болса, малдан талай бас қырылып,
Арқаның үсті--боран, асты--бүлік;
Ақырып пойыз мұнда өткен сайын,
Ал, бізде жатады ылғи қасқыр ұлып...
*Маугли--қасқырдың асырауындағы бала. (Р. Киплингтің кейіпкері).
**Д. Стамбекұлы.
***Ж. Ерман.
**** Ғ. Жайлыбай.
Орыс тілінің сөздігін жасаған В. И.Дальдің түбі дат екен. Соны біреу тіліне тиек етсе, ол да мен құсап, жатып кеп ашуланатын көрінеді!"Адамның жаны мен рухы қайда болса, шыққан тегі де --сонда!" -деген сөз осы әулие Дальдан қалған! Ол, тіпті, православие дінін өлер алдында қабыл алған. Өзін өмір бойы православпын деп ойлаған! "Ресей православиеден айырылса, ешқашан ел болмайды!"-деген де осы ғұлама! Ал, құдай-ау, мен туғаннан мұсылман емес пе ем?!. Көзімді бақырайтып қойып, ұялмай-қызармай, туған елімнен қалай бөледі мені?!
"Ұлы орыс тілінің "( Даль) оралымдығы мен байлығына дәп осы Дальша мағұмұрланған орыс жоқ десе болады. "Екі ғасыр бойы шет жұрттан кірген шата сөздер сол бай да, ордалы орыс тілінің берекесін кетірді?!" деп, ойбайдан аттан салады ол! Ең алғашқы "Орыс тілінің түсіндірме сөздігін" жасаған осы "датчан..."-ды. Біз де Даль болмасақ та, хал-қадірімізше, қазақ тілінің ажарын ашуға өзімізше үлесімізді қостық. Ал, өзінше, менімен "ұстасып", көкірегіне Тәңірінің сәулесі түспеген, көзіқарақты қазақ оқи алмайтын тақылдаған тақпақ жазып жүрген "қазақ шәйірі..." не тындырды? Мені Владимир Иванович Дальдің аруағы жебеді!
Біз баяғыдан Қарқаралы-Қызыларайдағы Қаракесек ішіне тастай батып, судай сіңіп кеткенбіз. Туған-туыстан жұрдаймын; өздері үш жүзге, ру-руға бөлінетін қазақ бізді өзіне қоспайды."Қырғыз" дейді әлі?!
Бірде: "Атажұртым--қырғыз, Арқаға Енесайдан келген, анажұртым--араб,-- Мекке-Мединадан! "- деп, МұхтарМағауинді ашуландырып алғам: "Сенің бабаларың Абылаймен бірге қазақ хандығының шаңырағын көтерген! Арқаға әкеліп, Қарқаралыға жайғастырған да--сол! Не сандалып отырсың?! Қырғыздан не қалды сенде?! Арабтан не қалып еді?!. Енді тағы бір жерде осы сөзді айтатын болсаң,--ісім сенімен болады!"-деді! Зәрем ұшып кетті! Бір өзі бір ұлтқа айналып кеткен адам ғой?! “Қырғыз ем...” деп айтпаймын содан бері, ел айта берсін...
СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ