(Ақұштап Бақтыгерейге)
1950-
Дүниежүзілік қырғыннан бес жылдан соң
Жарық Дүниені көріп,
Жүзімді нұрға жуғанмын.
Мен—
Өларада туғанмын!
Жылайын ба, күлем бе,
(Пушкинменен Дантес әлі дуэлде!).
Үш жылдан соң Тиран* өлді дейді жұрт,
Содан бері әлі Өлара бұл елде...
*Сталин.
Міне, менің заманым,
Абылай аспас өр көрдім.
Заманыма бар ма менің амалым?
Көрдім. Көндім. Пешенемнен көргенмін.
Мына Дүние, мүлде, жалған екен ғой,
Қанша ұрпақты алдар екен бұл әлі?
Сталинге көзсіз сенген әкемдей,
Мен де сенгем, ол қоғам да құлады...
Жылап едім...қазір маған күлкілі,
Сұмдарың да, қуларың да әлі-- өктем.
Билік-Мырза алды үйленіп бір күні,
Корруцция дейтін Мыстан-Жәлеппен!
Содан бері, қайран, ұлт та—ұмыт...
Тұл!
Одан не бір шала бала туып тұр,
Шата бала туып тұр;
Біреулері қарап ұлып -- қорғанға,
Біреулері қарап ұлып -- орманға...
Қиялымда мен қиянға ұшқам кеп,
Сұм замана қос өкпемнен қысқанда.
Ескі Қазақ-Стан дейтін Мыстан кеп,
Жібермей тұр Жаңа Қазақстанға?!
Ақсораңнан әрі аса алмай өр үнім,
Тұншығады төменде бір ұрада;
Өларада өтті күллі өмірім.
Мен туғаннан әлі—өлара-- бұл ара.
Міне, менің заманым.
Абылай аспас өр көрдім.
Заманыма бар ма менің амалым?
Көрдім. Көндім. Пешенемнен көргенмін.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ