ПРОВИНЦИЯЛЫҚ АҚЫНДАР

ашық дереккөз

ПРОВИНЦИЯЛЫҚ АҚЫНДАР

(Автобиографиялық өлең).

-1-

Ақсораңда жүрмін—

Апиын ішкендей!

Алатаудың аппақ шыңы түске енбей.

Алматының ақындары келеді—

Ақтоғайға—

Айдан келіп түскендей!

Алатауда—арманым.

Шатыршада қалып қойды зарлы әнім.

Елден бөлек көрінеді мұнда елге,

Елден ерек әппақ кәстөм-шалбарым...

Қалмай шопан тойларынан кешігіп,

Көктем сайын көктің түбі тесіліп;

Жыр оқиды Жеңіс* көкем гүрілдеп,

Алатауды Ақсораңға көшіріп!

Ақтоғайда мен жүргенде сандалып,

Қайсенов** кеп-кетті артында шаң қалып:

«Мен Қасымды көрген едім, бұ бала

Қалай сонан аумайды?!.»-деп таң қалып!

Көшіріп кеп күллі әдеби ортаны,

Досанов*** кеп, мақтап кетті ол тағы

(Бұл Арқаның хатшылары шетінен,

Одан неге зәресі ұшып қорқады?!.).

Сәттар көкем,****--Көкшетаудың боздағы,

Ішіп алған...шерімді сол қозғады:

Оңашаға алып шығып, сыбырлап,

Маған сонда Мағжанды айтып, боздады!

Бұлдыр елес,--не істедім?

Естен танып Есениндей ескенім!

Ақтоғайда қалды менің аңызым,

«Тоқырауында»*****--поэзия кештерім...

Кеңсайда тұр—Бауырластар қабірі.

Сары алтындай болса егерде сабыры;--

Провинцияда туу керек ақындар,

Провинцияда жүру керек ақындар,

Астанаға  жету керек дабыры!

*Жеңіс Қашқынов,--Ақтоғайдың алғашқы ақыны.

**Қасым Қайсенов.

***Сәбит Досанов.

****Сәттар Сейтқазин.

*****»Тоқырауын» рестораны.

 

Серік Ақсұңқар