BANNER

Серік Ақсұңқарұлының жазбаларынан

ашық дереккөз

…Бүгін Facebook-тен орыстың «Последный дуэль» атты фильмін көрдім. Режиссері – Наталья Бондарчук. Қасымда әдеби ортаға аты-жөні танымал бола бастаған талантты бір жас ақын бар еді. Пушкиннің рөлін Сергей Безруков сомдаған. Орыстың әдебиеті өз алдына, киносының өзі де шырқау биікте тұр!

«Пушкинді патша өкіметі өлтірді» деген сөз тарихқа деген таптаурын, таптық көзқарастан туған өтірік, жалған сөз! Мына фильм Ақ патшаның ақын мерт болғанда қалай абдырағанын дөп басып, шынайы суреттеген екен. Соны патшаның қызының бір жазбасынан көзім шалып еді. Туасы аристократ, Ресейді жан-тәнімен сүйген ел иесі, жер иесінің орыстың ұлы ақынын өкпеге қиса да, өлімге қиюы адамның ақылына сыймайды! Ұлтының игі жақсысын құлғанадай қуғындап, өсектеп, өлтіру, қашан да, тексіз пасықтың ісі! Қай елдің, қандай патшасы болса да, ел-жұртының абыройын аспанға көтеретін ұл-қыздарын алақанына салады. Шыққан тегі жақсы болса, дүниеге шырылдап келген күнінен бастап алған тәрбиесі ақсүйек, асыл ата, ару анадан бастау алса, әрине?!. Пушкин Бірінші Петр туралы поэма жазарда оған ірі көлемде сый ақы бөліп, Пугачев бүлігін зерт-тер кезінде жасырын архив атаулыны ашып қойған – сол! Асау Пушкиннің өзіне арнап жазған улы мысқылға толы эпиграммаларына да селт етпеген. Ақынның патшаны да сын тезіне алуға қақысы бар деп ойлаған!

Дантес – Пушкиннің туған бажасы! Наталья мен Дантестің жақындығы туралы қаңқу-өсек тарағанда шәпкісін көкке атып қуанған кім дейсіз бе, ақынның маңайындағы ұсақ-түйек жазармандар! «Өлсе, өмірем қапсын! Өлең бізге қалады!» деп ойлаған! Дантестің «Пушкиннің әйелімен әмпей-жәмпей екендігін» елге жағалай жайған осылар! Пушкин кетті! Бірақ поэзия оларға қалған жоқ…

Пушкиннің «Ақын мен тобыр» деген өлеңі бар. Драмалық поэма десе де болады. «И толковала чернь тупая: «Зачем так звучно он поет? Напрасно ухо поражая, К какой он цели нас ведет? О чем бренчит? Чему нас учит? Зачем сердца волнует, мучит, Как своенравный чародей? Как ветер песен его свободна, Зато как ветер и бесплодна: Какая польза нам от ней?» – дейді Пушкин тобырдың (чернь) аузына сөз салып. Адамзаттың айтулы бір құндылығы Поэзия-Ақын хақындағы қара тобырдың түйсік, түсінігі осындай! – дейді ол.

Әр түрлі тарихи ситуциялар тұсында халық та құбылып тұрады. Ол Булгарин мен Демьян Бедныйдың өресіне түсіп, көзінің алдындағыны ғана көріп, абсолюттік ақиқатты (Тәңірді) тәрк еткен кезде адамдық, азаматтық мұраттардан жұрдай, қасиетсіз қара тобырға айналып шыға келеді! Ал Пушкин мен Есенин, Цветаева мен Ахматова, Қасым мен Мұқағалиларына ет жүрегі егіліп, елжіреген бетте қалай халыққа айналғанын сезбей де қалады!

Марина Цветаева: «Его и пуля не берет, И песня не берет, Так и стою, раскрывши рот: «Народ! Какой народ!» Народ – такой, что и поэт – Глашатай всех широт, – Что и поэт, раскрывши рот, Стоит: такой народ! Когда ни сила не берет, Ни дара благодать, – Измором взять такой народ? Гранит – измором взять! (Сидит – и камешек гранит, И грамотку хранит… В твоей груди зарыт – горит! – Гранат, творит – магнит.) …Что радий из своей груди Достал и подал: вот! Живым – Европы посреди – Зарыть такой народ? Бог! Если ты и сам – такой, Народ моей любви Не со святыми упокой – С живыми оживи!» – дейді.

Халық деген, міне, осы!

Пушкин – Халық-Ананың төл перзенті болса, Геккерн мен Дантес, Булгарин мен Бенкендорф – қара тобырдың түсігі! Орыстың бағына туған Пушкинді Ресейден ата жауындай қарғап, сілтеп, көзге шыққан сүйелдей көріп, өсектеп, өлтірген осы қара тобыр! Мен иттің етіндей жек көрем сені!

Қазақта «уызына жарымаған…» деген жаман сөз бар. 1917 жылғы Қазан төңкерісін жасағандардың бәрі де – уызына жарымағандар! Соның тақсіретін әлі тартып жатырмыз! Бір үзім нанға зар болғандардың үмбеті өзімен қоса өзгелердің де миын ашытып, саясатта, руханиятта да жартымды дүние жасай алмаған! Есіл-дерті ішім-жем, бір киер кебін, бір мінер ат, бір уыс ақша, сол үшін өтірік, өсек айтып, елді алдап, арбап, жақсысын жамандап, жаманын төбесіне көтеріп, шартарабы мен шалқар жұртын шатастырады; езуінен есірік күлкі кетпей, ағайынын алты бақан алауыз ғып, ұлтын ата жауындай ойрандайды; қоғамды қанға бөктіріп, кісі де өлтіреді! Содан осындағы ұлттық, адамзаттық құндылықтардың ойраны шығып тұр!

«Сенің бүгінгі кедейлігің түк емес, арғы атаң бай-бағлан болса, соның шапағаты жеті атаңа бір жетеді», – деген қайран, әкемнің өлер алдындағы бір сөзі есімнен кетер емес; Сұлтанмахмұт кедейліктің тақсіретін тартудай тартса да, ата-бабасы уызына жарыған, көш бастаған көсем еді. Ақындық-азаматтық код миында, сүйегі мен қан-тамырында қалған! Мағжан, Қасым, Мұқағалилар да – сондай! Қазақтың бір-бірімен жолыққанда ру сұрасып, оның арғы-бергі игі жақсыларын түгендеп жататыны содан! Адам баласы үшін оның ана (нағашы) жұрты мен ата (әке) жұрты да маңызды. Біреуінде бір кінәрат болса, сол шикілік баланың түбіне жетеді! Адамзат тарихындағы ең сорлы сословие, тап, топтардың ішіндегі ең сорақысы люмпен-пролетариат! Құдайға тәубе, қазақта люмпен-пролетариат болмаған! Қайыршыдан қасиетті адам шықпайды!

Пушкиннің тұқымы да саф алтынның сынығы еді. Әкесі Сергей Львович атам заманнан келе жатқан аристократ-двориян, анасы Надежда Осиповна – «ұлы Петрдің арабы» Ганнибалдың немересі! Таяуда facebook-тен орыстың бұлбұл көмей бір әншісі Николай Басков біздің Жетісудың бір аруына ғашық екен деген сөз естідім. Соған біздің қазақтар жатып кеп ашуланды. Ұрпақ адамның ана (нағашы) һәм ата жұртынан тарайды. Жөйіттер анадан таратса, қазақ әкеден таратады. Екеуі де дұрыс. Егер осы екі жұрттың біреуінде бір кінәрат, кілтипан болса, одан туған бала оңбайды! Орыс аристократтарының бәрі дерлік Алтын Орда кезіндегі қыпшақ (түркі) қыздарынан туған! Алаштың арда ұлдары да Шыңғысханнан тараған! Пушкиннің түбі – арап, Лермонтовтың түбі шотландтық. Басковқа бермеген қызды кімге береміз? Алсын! Бірақ күйеу баланың діні – ислам (ол қазірдің өзінде «Ла-иллахи-илла-Алла» деп, ән салып жүр), тілі қазақ болғай; сонда одан текті бір қазақ туады … шешесі жақсы болса! Тексіз біреуге тиіп, одан «көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресін» (Абай) тапқанша, жаттың жақсысынан көргенде жан жадырататын бір бекзат тусын! Тексіздік ұлтымыздың түбіне жетуі мүмкін; әлеуметтік желілердегі «әдебиеттің» түр – нұсқасына көз салсаң, зәрең ұшады! Халтура мен графоманияның ордасы – бұл!

Тобырдың өз жыршысы, өз «ақыны» сол кезде де болған. Қазір де бар. Олар халық деген шетінен сауатсыз, ақ пен қараны айыра алмайтын «надан!», өздері ғана – «кісі», қалғандары – адам қатарына алғысыз бірдеңе…деп ойлайды!

Осы күнгі «коммерциялық әдебиет» солардың осындай оспадарлық ойынан туған нәрсе. Бір тексіз байдың ақшасын алып, соның тұқымынан бір батыр, бір ақын тауып, «роман» жазады да, кітабын сатып, әдебиетті пайда көзіне айналдырады. Көркемдігі мен шынайылығында жұмысы жоқ ақша тапса, болды… Талтаң-талтаң етеді! Абайдың «Өзі шошқа, басқаны ит деп ойлар» дегені осындай «типтерге» айтылған сөз! «Құдайдың екінші аты Халық» деп неге айтқан? Халықтың білмейтіні жер астында! Мына надан кіммен ойнап жүр?!

Наталья Гончарова ханым жөнінде әңгіме көп. Өз басым ұлы Пушкин сүйген ару қайдағы бір дарынсыз Дантеске құшақ ашып, құрақ ұшты дегенге сенбеймін! Бірақ Марина Цветаеваны оқысаң, бұл жеңілтек, таяз қатын, ақынға, мүлде, лайық жар емес, күйеуінің жылына да қарамай, бір генералға тиіп кеткен опасыз! Ол да мүмкін… Қара шаңырақты құлатпай, қара жамылып отыратын қазақ әйелі болу қайда?!.

«Құралайды көзге ататын Пушкин еді!» – дедім мен дуэлде оқ ақынның қарынына тигенде, елден естігенімді мына бала да білсін деп.

«Қалайша қапы кетті, онда?!» – деді албырт ақын, асау жас пері ызаға булығып. « – Пушкин Дантестің басынан асырып, көкке атты!» – дедім мен қасында тұрғандай (өзімнің ішкі ойым ғой). – Ақын кісі өлтірмейді!»

« – А-а-а…» – деді жас шайыр ойға батып. Жаңа секунданты «Өш алайық!» дегенде, ол: «Жоқ… бейбітшілік керек…» деп жатты ғой? Осы атыста Пушкин тірі қалып, Дантес өлгенде… дей беріп едім, жас ақын: – Онда оны соттап! Сібірге жер аударып жіберер еді ғой?! – деп жан ұшырып айқайлап жіберді. – Бірақ, олар Дантеске түк істеген жоқ қой?!.»

Екеуміздің арамызда тылсым тыныштық орнады…

– «Пушкиннің оғы оның төбе шашын тікірейтіп, сипап өтті! – дедім сол сәтті көзіммен көріп тұрғандай, (маған тура солай елестеп кетті), – Әдейі сөйтті… Мерген ғой ол! Ақын кісі өлтірмейді!». «– Онда – деді жас ақын орнынан ұшып тұрып, – Пушкин «Моцарт пен Сальериді» жазған күні, өзінің қалай өлетінін пайғамбардай болжаған екен! Өзінің Сальериі Дантестің қолынан өлгісі келген шығар?!»

Мен үндегем жоқ.

– «Ол фәниден бақиға көшерінде тірі пендеге тіс жармай, кітаптарымен ғана қоштасты ғой?» – деді жас ақын ағам не айтар екен дегендей. «Оған салсаң, маңайында қыбырлап, жыбырлап жүргендердің барлығы баяғыда өліп қалған болатын! – дедім мен. – 1814 жылы лицейді тәмамдап, емтихан тапсырарда «Патша селосындағы ой» атты өлеңін жазған күні ол өзінің фәниге емес, бақиға бола туғанын сезген-ді. Қара тобырды тәрк етті ол он бес жасында! Оның сырлас-мұңдасы тарихтың терең қойнауына жөнелген Гомер мен Плутарх, Шекспир мен Гете, Байрон мен Державиндер-ді. Пушкин үшін олар мәңгілік тірі еді! Қалғаны – баяғыда өліп қалған!». – «Сальерий ше?! Ол да тірі болды ма?!» – деді жас ақын алқына ентігіп. – «Тірі болды! Өлтірді ғой… Әне, өзін өлтірді! Тірі болмаса, өлтіре ме?!.». – «Сен менің «Моцарт пен Сальери (о заманғы нұсқа)» деген жырымды оқымаған екенсің ғой?» – дедім баланың алаңсыз аңқаулығына ыза болып. « – Оқыдым… деді ол күмілжіп, – Бірақ Сальери тірі деп ойламаппын…».

…Ол абдырап, осындағы жас ақындар мен өздерінің қызық ортасы хақында шабыттана сөйлей жөнелді. Бір-біріне деген ілтифат-құрметі қандай ғажап! Баяғыда біз де осындай едік! Бірге сақылдап күліп, ойнап, бірге жамыраса өлең оқып, бір-бірімізді тірі классик көріп, бір-бірімізге деген мақтау, марапатымызды аямай, асырып жүруші едік.

Есіме ерке Дәуітәлі, білікті Жарасқан, асау Кеңағам, қаһан Жұматай, ғазиз Ғабиден түсіп, ет жүрегім елжіреп кетті. Содан қалғаны – Ұлқаш пен Несіпбек, Жәркен мен Есенғали, Ғалым… Қалғаны есімде жоқ. Өтті – кетті…

– «Ақынның туған топырағы ғана киелі емес, кіндік кескен жұрты, өскен ортасы да өрісті, өрелі болуы керек. Пушкин кімдермен жүрген? Орыстың ұлы ақыны Жуковский, терең ойшылы Чаадаев, Н.И.Гнедич («Илиаданың» аудармашысы), поляк поэзиясының классигі А.Мицкеевич, декабрист Бестужев… Маңайындағы ұсақ-түйек ақындардың өзі бір елдің жырын ұстардай тұлғалар-ды. Сол ақыл-ойы кемел, ар-намысы асқақ ордалы ортаның өзі Ақынын қызымыр, қызғаншақ, күншілдерден арашалай алмай қалды! Ақын азап шегіп жатқанда періштелер жерге қарап, әзәзіл пенделер іштей рахат сезімге кенелді! Ол «Пир во время чумы» («Обаның кезіндегі, ой-хой, думан»)-ды жаза ма, әйтпесе?! Басқасын былай қойғанда, сыңар езу, іштар, дәлдүріш Булгариннің жапқан жаласы мен жаққан күйесінің өзі бір атанға жүк болар еді…»

Ол маған «Осы қара өлеңге қайдан килігіп ем?!.» – дегендей, сұраулы жүзбен ұзақ қарап қалды.

«Немiстiң ұлы ақыны Иоганн Гете бiрде саябақта қыдырып жүріптi, – дедім мен абдырап қалған албырт ақынның көңілін аулағым кеп, Бiр адам ғана өтетiн жолға келгенде алдынан ұлы ақынды «өзiнше күнде өлтіре сынап», көзіқарақты елге күлкі боп жүрген бiр «әдебиет сыншысы» кездесе қалады. «– Мен жындыларға ешқашан жол бермеймiн!» – дейдi әлгi «сыншы көкірегін көтеріп. Ал Гете болса, мырс етіп: «– Мен, керiсiнше, жындыларға жол беремiн, өтіңіз!» – деген… Гетені «жынды» деп ойлайтын мұндай типтер Пушкиннің кезінде де көп болған… Бүгінде де олардан ит батпақтап, күшік сүрінеді! Біз қанша «жол бергенмен» халықтың жүрегіне жете ала ма солар?!

Ол сақылдап күліп жіберді!..

– «Пушкиннің өлерде кітаптарына қарап «Прощайте, друзия!» – дегені Мағжанның «Ақында адамзаттан дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына!» – деген сөзімен төркіндес екен!» – деді жас ақын бір құпияны ашқандай жүзі алаулап!

Меніңше, бүгін бұған Тәңірден бір хабар-ошар жетті…

Мына балаға бертінде, осы 90-жылдарда болған бір оқиғаны айтсам ба, айтпасам ба деп ойланып отырмын. Иран-Ғайып ақынға Алматыдағы бір топ жас шайырлар жиі барып, әңгіме-сұхбат құрады екен. «Қазір бір әке, бір шешеден туғандай боп жүрсіңдер ғой? – депті сонда ағалары, – дұрыс! Осылай жүру керек! Кейін, бірақ, біреуің тоқалдан, біреуің бәйбішеден туғандай, қырқысасыңдар әлі…».

Сол жауқазындай жас түлек «Ағайдың мұнысы несі?!» деп, бертінге дейін әлгі әңгімені аңыз ғып айтып жүрді. Қазір айтпайды… Бұл әңгімені мына балаға мен де айтқам жоқ…

 

2015-2020 ж.19.02

Қарағанды

Күнгей