(Қазақтың көне бір жырынан)
Бұл Италядағы құлдар мен гладиаторлар көтерілісінің көсемі туралы көне қазақ жырының бір сұлбасы. Қолжазба Арқадағы діндар ғұлама Көпбай молданың ескі Құранының(18 ғ.) арасынан шықты. Қазақтарға бұ хикаяны көшкен ел немесе ескен жел жеткізген болуы керек? Плутархтың айтуына қарағанда, Спартак көшпелі тайпалардың тумасы (nomadikon). Қазақтың мына көне жыры оны түріктерге телиді. Ұзақ жырдың қысқа бір эскизі секілді. . Бізге там-тұмдаған үзік-үзік үзінділері ғана жетіпті . Соған да тәуба. Автор.
Ыспартақ* деген бір боздақ
Сонау Ұрым** еліне,
Бізден барған ұл екен.
Ұрымменен ұрыста,
Қолды бастап жүр екен.
Көш бастайтын көсем мен,
Сөз бастайтын шешеніңнің бірі екен.
Ата жұрты түрік-ті,
Ана жұрты да түрік-ті,
Ірі екен елі, дүр екен!
Қайран де қайран дүние-ай,
Қол бастап жүріп, Ұрымменен ұрыста,
Қолға түскен тұтқындардың бірі екен...
Ұрым оның қолына
Бұғаулап кісен салады,
Тар қапасқа қамады,
Мың сан адам сап құрап,
Он алтыдағы баланы,
Дырау қамшымен сабады;
Жаны көкке озғандай,
Дене жатса да қозғалмай,
Жаһангердің жанып тұр екен жанары...
Ұрым деген о кезде адамзатта нар тұлға,
Салулы төсек, сарайы-мәрмәр-- салқында;
Ішетіні --алдында,
Ішпейтіні-- артында.
Арғымақтай тұяқтарын тарпып-дүр;
Қырқыстырып құлдарын,
"Қай жеңгенің--менікі!"-деп,--шалқып бұл;--
Еркектері-- еліріп,
Бұлтыңдаған бұлшық етке көзі мас,
Қатындары да ләззатқа балқып тұр...
Сонда Ыспартақ шығады,
Құл біткен одан ығады.
Біреуін алып жығады,
Біреуін шалып жығады!
Шаттары сырт-сырт шытынап,
Қабырғасы бырт-бырт сынады;
Он шақтысын опырды,
Жүз шақтысы жүресінен отырды!
Мың шақтысы да шақ келмей,
Қайран, оғлан, ор қояндай секірді!
Біздің бала не ғылды,
Ұрым жұрты не білді?!
Тәңірі өзі пана боп,
Безаттан құл-- жеңілді!
Еркек біткен өрлігіне тәнті боп,
Қатын біткен ғашық болып, егілді...
Қайран да, боздақ ер еді,
Тілегін Тәңірі береді;
Құм жиылып--тас болып,
Құл жиылып--бас болып,
Соңынан соның ереді!
Аяқты алшаң басады,
Мәртебесі күннен күнге асады.
Бай-бағлан алтын сарайын
Тастай да тұра қашады!
Қаптаған қалың қара құл
Қақпаны айқара ашады;
Ожаумен ішіп шарапты,
Айхой, бір әнге басады!
Мына дүние былықты,
Кімнің қазір кім екенін кім ұқты?
Жетесіз тағы жілікті,
Ынсапсыз тағы ылықты;
Қарекетіне құлдың қарасаң:
Батырлары--бұғауда,
Ақындары қайыр сұрап, жылауда,
Елі ішінен тыныпты.
Қара қиқым-- құм екенін ұмытты,
Қара тобыр--құл екенін ұмытты!
Біздің Мұхаммед (с. ғ. с.) пайғамбарға ұсаған,
Үмбетіне іші-- алаң--
Аяқ-қолын аштық пен ашкөздік тұсаған,--
Қара тобырды қырық жыл жүріп, шөлден көлге шығарған,
Кім артық еді Мұсадан?!***
Тексізге тізгін ұстатпа!
Тексізге тізгін ұстатып,--
Біздің Ыспартақ баһадұр боздақ та,
Ұрымда өлген құсадан...
*Спарта́к (лат. Spartacus, греч.)..
**Рим.
***Мұса (ивр. מֹשֶׁה, Грекше: Mωϋσῆς,)) - Пайғамбар, Имранның ұлы.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ