Ата Заңға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум тарихымызда екінші рет өтеді. Бас құжатты алғаш рет халық дауысына салу 1995 жылы 30 тамызда өткен. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш Конституция 1993 жылы сол кездегі Жоғарғы кеңесте қабылданды. Құжатқа сәйкес, Президент тек қана заңдарға қол қоятын, мемлекеттік бағдарламаларды бекітетін және елде төтенше жағдай жариялай алатын.
1995 жылғы Конституцияны жасауға Жоғарғы кеңес қатысқан жоқ. Себебі дәл осы кезде бір палаталы орган тарап кеткен. Ата заңды қабылдау үшін жалпы халықтық референудм 30 тамызда өтті. Оған сайлау құқығы бар азаматтардың 90 пайызы қатысты. Жаңа заңды 7 млн-нан астам қазақстандық қолдап, дауыс берді. Құжатқа сәйкес, еліміз президенттік республикаға айналды. Екі палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс құрылды. Конституциялық және Арбитраж сот жұмысын тоқтатты. Елде тек Жоғарғы сот қалды. Сонымен қатар, Вице-Президент қызметі жойылды.
1995 жыл 30 тамыз – жалпыхалықтық референдум
Сайлаушылар - 90%
Қолдағандар – 7,2 млн адам
Парламенттік Республика - Президенттік Республика
Парламент - Сенат пен Мәжіліс
ҚР Жоғарғы соты
ҚР Вице-президенті
Ширек ғасырда Ата заң 5 рет өзгерді. 1998 жылы 19 бап өзгерсе, 2007 жылы Конституцияға 30 түзету енгізілді. 2011 жылы тек 1 бап өзгертілді. Осыған сәйкес, кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау және өткізу ережелері жаңарды. 2017 жылы Ата заңдағы 19 бапқа 26 өзгерту енгізілді. Ал осыдан 3 жыл бұрын, 2019 жылы Конституцияның 1 ғана бабы өзгеріске ұшырады.
1998 жыл – 19 бап
2007 жыл – 30 түзету
2011 жыл – 1 бап өзгерді
2017 жыл – 19 бапқа 26 өзгерту
2019 жыл – 1 бап өзгерді
Конституцияны өзгертуге қатысты Президент ұсынған республикалық референдум тарихта екінші рет өтеді. Күшті президент, ықпалды Парламент және есеп беретін үкімет. Басты қағида осы. Ата заңды өзгертуге байланысты жоспар жүзеге асса, Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізіледі. 2 бөлімнің атауы өзгереді. Ең негізгілері: Президенттің өкілеттігі қысқарады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейеді. Конституциялық сот құрылады.
33 бап, 56 түзету
2 бөлімнің атауы өзгереді
Президент өкілеттігі қысқарады
Парламент пен мәслихаттардың рөлі артады
Конституциялық сот құрылады
Осылайша, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі нығаяды. Алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді.