Қарағанды облысының тұрғындары референдумда дауыс берушілер тізімінен өздерін онлайн тексере алады, деп хабарлайды saryarqanews.kz.
Арнайы sailau09.kz және e-krg.kz сайттарында азаматтар ЖСН немесе жеке куәлік номерін енгізу арқылы өздерін тізімнен іздей алады. Іздеу нәтижесінде тұрғынның дауыс беретін учаскесінің номері, мекенжайы мен байланыс деректері көрсетіледі.
Sailau09.kz сайтында көру қабілеті нашар адамдарға арналған нұсқа да қолжетімді.
Сонымен қатар, тұрғындар өздерін сайлаушылар тізімінен таппаса, тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгіне алады. Ол үшін Sailau09.kz сайтындағы «аймақты таңдау» ұяшығынан тұрғылықты аудан, қаланы таңдап, сол жерде көрсетілген номерге хабарласу қажет.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 2022 жылғы 5 маусымда ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыреспубликалық референдум өтеді. Референдумда дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады.