BANNER

Шахтинск суретшілері халықаралық байқауда арнайы номинацияға ие болды

Қарағанды облысының әкімдігі

Шахтинск суретшілері Ерсін Темірғалиев пен Жәнібек Жұмабеков "Алтай. Притяжение" III халықаралық ағаш мүсін фестивалінде "Халық фольклорын насихаттағаны үшін" арнайы номинациясына ие болды. Олардың "Чемпиондар" жұмысы Ресей Федерациясының Алтай өлкесінің "Подгорица" саябағындағы "Бирюзовая Катунь" арнайы экономикалық аймағының аумағын безендірді.

Ағаш шығармашылық фестивалі 10 күн бойы жалғасты. Оған Қазақстан, Қытай, Иран, Беларусь және Ресейдің 18 өңірінен келген шеберлер қатысты.  Барлығы 12 команда және 12 жеке жұмыс жарияланды. 

Жеке және командалық номинациялар бойынша қатысушылар ағаштан мүсіндер жасады. А. Исмаилов атындағы Шахтинск балалар көркемсурет мектебінің оқытушылары Ерсін Темірғалиев пен Жәнібек Жұмабеков екі батырды ойып жасап, туындыны "Чемпиондар" деп атады. 

– Фестиваль туралы Қарағанды облысының Суретшілер одағында білдік. Қатысу үшін ұйымдастырушыларға эскиз жіберу керек болды. Ол мақұлданды. Осыдан кейін біз ресми шақыру алдық. Өз командамызды "Сарыарқа-Қаракесек" деп атадық.  Фестиваль бізге өте ұнады. Бізді жылы қарсы алды, атмосфера ұмытылмас болды. Біз үшін шығармашылыққа арналған жақсы алаң, сондай-ақ экскурсиялар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды, – деді Ерсін Темірғалиев.

Ерсін мен Жәнібектің "Чемпиондар" мүсінін жасауға бір аптаға жуық уақыт кетті. Олар "Қазақстан барысы" турнирінің жеңімпазы мен Алтай өлкесінің батырын бейнеледі. Бірінің иығында Жеңіс белдеуі, екіншісінде қасқырдың терісі бейнеленген. Олардың алдында тұғыр мен Алтай өлкесінің картасы тұр. Мүсіннің биіктігі үш метрден асады.

– Мүсін халықтар достығын бейнелейді. Ол үшін бізге диплом, сертификат және арнайы сыйлық берілді. Бірақ, ең алдымен, бұл біз үшін үлкен тәжірибе және одан әрі дамуға үлкен ынталандыру, – деп атап өтті Ерсін Темірғалиев. – Сондай-ақ бізді Мұз мүсіндері фестиваліне және жыл сайын Томскіде өтетін Балта мерекесіне қатысуға шақырды. Қонақжайлылық үшін алғыс ретінде мен Парк-қонақ үй басшылығына Катунь өзені бейнеленген этюд сыйладым.