BANNER

Павлодарда әйел екі баласын терезеден лақтырып, артынан өзі секірген

Фото: istockphoto.com

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл жан түршігерлік оқиға туралы жедел жәрдемге өтіп бара жатқан адам хабарлаған, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Бірінші кезектегі шұғыл шақырту бойынша оқиға орнына үш жедел жәрдем тобы жіберілді. Олар 6 минут ішінде жеткен. Екі бала ауыр хәлде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Әйел де ауыр хәлде Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.

Сағат 02:08-де балалардың жасы белгілі болды, олардың бірі 1,5 жаста, екіншісі 5 жаста екен.

Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шакеневаның айтуынша, оқиға болған сәтте пәтерде зардап шеккендерден басқа ешкім болмаған.

Полиция департаменті зардап шеккендер подъездің қалқалағышына құлағанын мәлімдеді. Алдын ала мәліметтер бойынша әйел арнайы медициналық мекемеде тіркеуде тұрған. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

“30 шілде күні Павлодар қаласындағы Нұрмағамбетов көшесінде орналасқан үйдің 4 және 5-қабаттарының арасындағы подъез терезесінен кәмелетке толмаған екі бала мен әйел құлап кеткен. Зардап шеккендер подъездің жаппасына құлаған, барлығы ауруханаға жеткізілді. Аталған фактілер бойынша кісі өлтіруге оқталу және өзін-өзі өлтіру әрекеті баптарымен қылмыстық істер қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады”, – деп хабарлады полиция.