Қазіргі жаһандану мен цифрлық технологиялар дәуірінде ел дамуының басты қозғаушы күші – табиғи ресурстар емес, интеллектуалды әлеует пен талдау қабілеті жоғары адами капитал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде сыни ойлау қабілеті жоғары мамандардың жаңа буынды қалыптастырудың маңызын бірнеше рет атап өткен. Осы мақсатта құрылған «Талдау мектебі» жобасы – дәлелге негізделген шешім қабылдау мәдениетін дамытып, мемлекеттік басқару мен қоғамдық салаларда сараптамалық ойлаудың жаңа экожүйесін қалыптастыруға бағытталған бірегей бастама.
Аналитикалық мәдениетті дамытуға бағытталған жоба
«Талдау мектебі» – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан қоғамдық-білім беру жобасы. Ол мемлекеттік басқару, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық, азаматтық сектор және медиа салаларында талдамалық тәсілдердің сапасын арттыруды, сыни ойлау мен зерттеу мәдениетін дамытуды мақсат етеді.
Жобаның бастамашысы – Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы, ал идеяға қолдау білдірген – Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев. Бүгінде «Талдау мектебі» Қазақстандағы ең беделді сараптамалық білім беру платформаларының біріне айналды.

Төрт маусымның тәжірибесі: 2022–2025 жылдар
2022 жылдан бастап «Талдау мектебі» төрт маусым қатарынан сәтті жүзеге асырылды. Осы кезеңдерде мемлекеттік қызмет, ғылыми және аналитикалық орталықтар, БАҚ, ұлттық компаниялар мен азаматтық сектордан 260-қа жуық қатысушы білім алды. Оқыту бағдарламасы дәстүрлі түрде сенбі күндері 8 апта бойы өтеді. Қатысушылар деректерді жинау мен өңдеудің қолданбалы әдістерін меңгереді, сараптамалық материалдар әзірлеу дағдыларын дамытады және топтық зерттеу жобаларында жұмыс істейді. Әр маусым қорытындысында қатысушылардың талдамалық материалдары жинақ түрінде басылып шығып, Парламент депутаттарына және тиісті мемлекеттік органдарға ұсыным ретінде жолданады. Мектеп аясында Кай-Фу Ли (Sinovation Ventures), Вакар Ахмад (Nazarbayev University), Максим Ильяхов, сондай-ақ ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және басқа да жетекші сарапшылар дәріс оқыды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей: «Талдау мектебі – бұл тек білім алу алаңы емес, сонымен қатар сарапшылар арасындағы байланыс орнатуға, жаңа идеялар ұсынуға және нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін орта».
Өңірлік форматтағы жаңа қадам – «Қарағанды. Талдау мектебі»
2025 жылы жоба алғаш рет өңірлік деңгейде жалғасын тапты. Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы «Қарағанды. Талдау мектебі» атты алғашқы аймақтық бағдарламаны іске қосты.
«Бүгінгі таңда мемлекет қуаты жер қойнауындағы байлықпен емес, жас буынның ақыл-ой әлеуетімен өлшенеді. Өйткені елдің ертеңін айқындайтын күш – жаңа идея тудыра алатын, жасампаз ұрпақтың қолында.
Осы міндетті жүзеге асыратын жаңа білім кеңістігі – Талдау мектебі. Бес жыл бойы еліміздің қуатты әрі инновациялық дамуына ықпал етіп, бейстандарт стратегияларды құруға қабілетті мамандардың жаңа буынын қалыптастырып келе жатқан бірегей мектеп өңірлерді де қамтымақ.
Игі бастама ең алғаш болып Қарағанды облысында жүзеге аспақ. Біздің өңірімізге сенім білдірген Мәулен Сағатханұлына алғыс айтамыз!
Бұл – аймақ жастарының әлеуетіне берілген жоғары баға деп білемін. Себебі Қарағанды – еліміздің индустриялық жүрегі ғана емес, талай білікті маман, зиялы тұлғаның түлеген қасиетті мекені. Бұл өлкенің жастары еңбегімен, табандылығымен әрдайым ел дамуының алдыңғы сабында келеді», деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Бұл бастама жас мамандар арасында стратегиялық ойлау мен талдау құзыреттерін дамытуға бағытталған. Курстың негізгі тақырыбы – Қарағанды облысын тұрақты дамыту мақсатындағы талдау.
Оқу кезеңі: 2025 жылғы 8 қараша – 6 желтоқсан.
Форматы: офлайн (қазақ және орыс тілдерінде).
Қатысушылар саны: 30 адам.
Қатысушылар бес тақырыптық бағыт бойынша топтық жобалар дайындайды:
- Экологиялық тұрақтылық және өмір сапасы;
- Туризм әлеуетін арттыру;
- Ауылдық аумақтарды дамыту;
- Адами капитал және жастар саясаты;
- Білім беру мен еңбек нарығының байланысы.
Курстың соңында дайындалған аналитикалық ұсыныстар облыстық мемлекеттік органдардың нақты қызметінде қолданылатын болады.
Жобаның нәтижесі мен ықпалы
Төрт маусымдық тәжірибе көрсеткендей, «Талдау мектебі» Қазақстандағы аналитикалық ойлау мәдениетінің экожүйесін қалыптастырып келеді. Жоба нәтижесінде қатысушылар БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына арналған 13 аналитикалық баяндама әзірледі. Бұл еңбектер халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Мектептің тәлімгерлік жүйесі де тиімділігін көрсетті: әрбір қатысушыға тәжірибелі менторлар бағыт-бағдар беріп, жобалардың сапалы әзірленуіне көмектесті.
«Талдау мектебі» – елдің мемлекеттік басқару жүйесінде және сараптамалық кеңістігінде жаңа буын аналитиктер мен стратегтерді тәрбиелеуге бағытталған жүйелі әрі ұзақмерзімді жоба. Бүгінде бұл бастама Қазақстанда data-driven басқару мәдениетін дамытуға, шешім қабылдау сапасын арттыруға және кәсіби сарапшылар қауымдастығын біріктіруге нақты үлес қосып отыр.
📩 Қарағанды мектебіне өтінім қабылдау:
qaragandy.taldaumektebi@gmail.com
📞 Анықтама телефоны:
8-705-814-68-70

