BANNER

Қарағандылықтар президент кеңесшісімен кездесті

Сурет: LIFE09

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірімізге арнайы келіп, зиялы қауым, қоғам белсенділерімен, үкіметтік емес ұйым өкілдері және жастармен кездесті. Мемлекет басшысының ұлттық құрылтайда көтерген ауқымды мәселелерінің орындалу барысын пысықтап, алдағы міндеттерді айқындады.

мешіт

Бірінші кезекте Мәлік Нұржанұлы облыстың қоғам өкілдерімен Президенттің “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” атты Ұлттық құрылтайда қозғалған өзекті мәселелерді талқылады. Содан кейін Мәлік Отарбаев аймақтың жастарымен кездесіп, пікір алмасты. Әрі қарай Президент кеңесшісі Әнет баба орталық мешітінде өңір имамдарымен кездесті. Кездесу барысында Мәлік Нұржанұлы еліміздегі біршама мәселеге тоқталды, оның ішінде қазақ елін дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасы жайлы да өз ойын білдірді.

«Қаңтардағы қасіретті жағдай баршамызға ауыр тиді. Қордаланған көптеген мәселенің беті ашылды. Халық – біз, мемлекет – біздікі болғандықтан, жалғыз отанымыз Қазақстан болғандықтан, жауапкершілікті мойнымызға аламыз. Сол қордаланған мәселелерді шешуге жұмыс істейміз, ел болып атсалысамыз. Ішімізде мәселе туындаса, жан-жақты саралай келе, оған шын жауапты екенімізді сезінеміз. Сондықтан саяси реформалар ел-жұртты дүрліктіру, қоғам бірдеңемен шұғылдансын деген мақсатпен жасалып отырған жоқ. Барлығы – мемлекеттің дамуы үшін. Президентіміз оны жақсы сезінеді. Өңірлердегі, шалғай ауылдардағы жағдай, ел өмірінің әлеуметтік-экономикалық, саяси тұстарының барлығын таразылай отырып, реформалар қабылданып отыр», – деді Мәлік Отарбаев.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Бейсембайұлы да кездесуге қатысып, облыстағы діни ахуалға қысқаша тоқталып, қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді көтеріп, талқыға салды.

«Бүгін біздің облысымызға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев арнайы келіп отыр. Мәлік Нұржанұлы түске дейін өңіріміздің үкіметтік емес ұйымдары мен ассамблея өкілдерімен, одан соң белсенді жастармен кездесу өткізіп, ашық әңгіме өрбітті. Сіздердей зиялы қауыммен де сондай тағылымды да әсерлі кездесу болады деген сенімдемін. Қарағанды облысы еліміздің көпконфессиялы өңірлерінің қатарына жатады. Облыста республика аумағындағы 18 конфессияның 15 – і тіркелген. Олардың атынан қолданыстағы заңнамаға сәйкес 281 діни бірлестік өз қызметтерін атқаруда. Осыған байланысты өңірімізде діни бірлестіктермен бірлесе конфессияаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда аймақтағы діни ахуал тұрақты. Салалық басқармамен облыстық терроризмге қарсы комиссиясы қызметі аясында барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмысқа дін қызметкерлері де белсенді тартылған. Халқымыздың болмысына жат діни ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарымызды оңалту жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жергілікті өкілдігінде арнайы бөлім ашылып, әр мешітте жауапты маман бекітілген», – деді Ерлан Құсайын.

Сондай-ақ, Мәлік Отарбаев мемлекет және қоғам қайраткері, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Әбеуұлы Ермеков жай тапқан қорымға арнайы ат басын бұрып, құран бағыштады. Сонымен қатар, отбасын қолдау орталығының да жұмыс барысымен танысты. Іс-сапар ертең Осакаров ауданында жалғасын табады.  

орталық