23 тамыз Құрылтай депутаттарын сайлау күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен кейін журналистердің сауалдарына жауап беріп, қоғамдағы амандасу мәдениеті мен ұлттық әдепке қатысты өз пікірін білдірген болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғамдық ортада кеңінен пікір алмасуға себеп болды. Тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері де бұл мәселеге қатысты өз көзқарастарын ортаға салды.
Солардың бірі – тарихшы-ғалым, алаштанушы ұстаз Нұрсахан Бейсенбекова. Ол қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан амандасу әдебіне, оның тәрбиелік әрі мәдени мәніне тоқталып, ұлттық дәстүрдің бүгінгі қоғамдағы орны туралы ойымен бөлісті.

Тарихшы-ғалымның айтуынша, амандасу – белгілі бір халыққа ғана тән құбылыс емес, барша адамзатқа ортақ мәдениеттің бір бөлігі. Дегенмен әр ұлттың сәлемдесу үлгісі мен әдебі өз болмысымен, салт-дәстүрімен ерекшеленеді.
«Амандасу – тек қазақ халқына ғана тән дүние емес. Ол барлық ұлтқа ортақ. Президентіміздің сөзі қазақ қоғамында бұрыннан айтылып жүрген мәселені қайта көтерді. Кейде шетелге еліктейміз деп, амандасу барысында өзіміздің ұлттық болмысымызға сай келмейтін әрекеттерге барып жатамыз. Сондықтан амандасу әр халықтың өз мәдениеті мен дәстүріне сай болғаны дұрыс», – дейді алаштанушы.

Нұрсахан Ахметқызы мемлекет басшысының амандасу әдебіне қатысты пікірі күнделікті өмірде кездесіп жүрген жағдайлардан туындағанын да атап өтті.
«Мұндай жағдайлардың барлығы өмірде кездесіп жатыр. Бұрын амандасу әдебі мәселесін ұстаздар ретінде жиі қозғайтынбыз. Қазір мұндай түсіндіру жұмыстары азайған соң, бұл мәселені президентіміздің өзі көтеретін жағдайға жеттік. Меніңше, бұл өз уақытында, өз орнында айтылған маңызды пікір», – деді ол.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қоғамында әр адамның жасына, жынысына, әлеуметтік орнына қарай өзіндік амандасу әдебі қалыптасқан. Ер мен ердің, ер мен әйелдің, үлкен мен кішінің, сондай-ақ әскери адамдардың да сәлемдесу мәдениетінде белгілі бір ерекшеліктер болған.
«Кезінде қыз баланың сәлемдесуі, ұл баланың сәлемдесуі, әскери адамның сәлемі, үлкен мен кішінің амандасуы – барлығының өз орны болған. Мен ұзақ жылдар студенттерге сабақ берген ұстаз ретінде қазіргі жастардың бір-бірімен амандасу мәдениетіне де көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Кейде жастар “салют”, “хай” секілді сөздерді қолданып жатады. Бір-бірін құшақтап, бет сүйісіп амандасатын жағдайлар да кездеседі. Әрине, уақыт өзгереді, қоғам да жаңарады. Дегенмен ұлттық әдептің шеңберінен алыстап кетпеуіміз керек», – дейді тарихшы-ғалым.

Ол қазақ қоғамында келіннің иіліп сәлем салуы да үлкен тәрбиелік мәнге ие екенін атап өтті.
«Келіннің иіліп сәлем беруі – оның төмендігін емес, керісінше тәрбиесін, көрегендігін, үлкенге деген құрметін көрсетеді. Өзіңе ізет білдіріп, иіліп сәлем салған келінді көргенде, үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты сезінесің», – дейді Нұрсахан Бейсенбекова.
Ғалымның айтуынша, қазақ халқының амандасу мәдениеті қандай қиын кезеңдерде де өзінің мәнін жоғалтпаған. Сәлемдесу – адамдар арасындағы байланысты, құрмет пен ізетті білдіретін маңызды әрекет болған.
«Қазақтың мақал-мәтелдеріне назар аударсақ та, амандасудың мәні мен маңызын аңғаруға болады. “Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді” деген сөздің өзінде үлкен мағына жатыр. Яғни, алыстан келген адамға құрмет көрсету, жөн сұрасып, амандық тілеу – халқымыздың ежелден келе жатқан қасиеті», – дейді ол.
Тарихшы-ғалымның пікірінше, дәстүрлі амандасу мәдениетін қайта жаңғырту – ұлттық құндылықтарды сақтаудың бір жолы.
«Ер мен әйелдің арасында да әдепті амандасудың өзіндік қағидалары болған. Қазақ қоғамында ер адамдардың әйел затына, қыз балалардың үлкендерге ізет білдіруінің өз жолы қалыптасқан. Кездейсоқ жолыққан адамнан “Мал-жаның, үй-ішің аман ба?” деп жөн сұрасып, хал-жағдайын білу де халқымыздың кеңпейілділігін көрсетеді. Қазір мұндай амандасу сирек кездеседі», – дейді алаштанушы.

Нұрсахан Бейсенбекованың пікірінше, амандасу әдебі – тек сәлемдесу тәсілімен шектелетін ұғым емес. Оның астарында үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, адамға деген сыйластық, қоғамдағы мәдениетті сақтау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу сияқты терең мағына жатыр.
Қарапайым ғана сәлемнің өзінде халықтың болмысы мен тәрбиесі көрінеді. Сондықтан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық әдепті заман ағымымен үйлестіре отырып сақтау – бүгінгі қоғамның да маңызды міндеттерінің бірі.
Автор: Ақсая Жалғас