Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өткен жылдың мамыр айында нұралықтармен кездескен еді. Бір жылдан кейін кезекті кездесуде өңір басшысы тұрғындармен ашық диалог барысында осы кезеңде қандай жұмыстар жасалғанын және тағы қандай мәселелерді шешу керектігін білді.
Мысалы, Ахметауыл ауылында жолдар жөнделді. Енді тұрғындар республикалық трассаның учаскесін жарықтандыруды сұрайды. Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселені шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Мектептерді жөндеу, жолдардың жағдайы, ТКШ, абаттандыру, сапалы интернет пен ұялы байланыс – бұл мәселелер бұрынғысынша ауыл тұрғындарын толғандырып отыр.
Басты міндеттердің бірі – сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету.
Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік 95,7% құрайтынын хабарлады. Өткен кездесулерде Аққолқа, Бестамақ, Топаркөл ауылдарының тұрғындары сумен жабдықтау мәселесін көтерген болатын. Онда тұщылатқыштары бар блокты-модульді станциялар орнатылды – көп жылдық проблема шешілді.
Биыл бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделген. Жараспай және Құланөтпес ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы мен қайта жөнделуі аяқталуы тиіс. Жаңа су құбыры Қантай ауылының тұрғындарына да беріледі. Бұдан басқа, ауданның су құбыры желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Тұрғындардың өтініштеріне жауап ретінде биыл Жараспай – Нұра тас жолының жөндеу жұмыстары басталады.
Аудан әкімі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы туралы айтып берді. Жобалау-сметалық құжаттама қазір сараптамада жатыр.
Аудан орталығында Отбасын қолдау орталығы ашылады, оған өмірлік қиын жағдайда хабарласуға болады. Заңгерлер, психологтар және басқа да мамандар тегін кеңес береді.
– Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – Мемлекет басшысының тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы. Жалпы Нұра ауданында бұл шешіледі деген сенім бар. Екіншісі – ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту, бұл да Президенттің тапсырмасы. Бүгін Изенді ауылындағы ФАП құрылысының қалай жүріп жатқанын көрдім. Биыл облыс бойынша 60-қа жуық нысан пайдалануға берілуі тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесуде ауданның дамуы туралы ақсақалдар сөз сөйледі. Нұра ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Зарлық Мақсұтов жайылым тапшылығы мәселесін көтерген болатын. Ол шешілуде: пайдаланылмайтын жерлерді қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде.
– Мұндай кездесулер проблемалық мәселелерді бірлесіп шешу үшін өте қажет, – деп есептейді Зарлық Мақсұтов. – Ауылда жақсы өмір сүріп, адамдар өздеріне, шағын отанына және елдің гүлденуіне еңбек етулері үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек.
Облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады.