Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры келер жылы 100 жылдығын атап өтеді. Мерейтой қарсаңында ұжым шетел және Қазақстан бойынша үлкен гастрольге шықты. Театр Қарағандыға да ат басын тіреді. Төрт күн бойы көрермендер үздік қойылымдарды тамашалай алады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев КСРО және Қазақстанның халық әртісі, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовпен және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың директоры Еркін Жуасбекпен кездесті.
Аймақ басшысы ұжымды алдағы ғасырлық мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
— Сіздердің театрдың біздің өңірге келуі — үлкен оқиға. Біз сіздің өнеріңізді мақтан тұтамыз және жетістіктеріңізге қуанамыз. Барлық спектакльдерде аншлагтар болатынына сенімдімін, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қонақтарды ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, С. Сейфуллин атындағы театрдың жетекші әртістері Кеңес Жұмабеков, Қайрат Кемалов қарсы алды.
Олар 1926 жылы шымылдықты алғаш рет ашқан М. Әуезов атындағы каздрамтеатр өз тарихында үлкен кезеңдерден өтіп, ұлттық өнердің нышанына айналғанын атап өтті. Бүгінде бұл басқа ұжымдар үлгі тұтатын театр мектебі.
— Қарағанды мен үшін бөтен қала емес. Бірнеше рет қарағандылық театрлар сахнасында ойнап, гастрольдік сапармен келдім. Қарағандыда да жақсы театр мектебі бар. Жалпы театр — халыққа ең жақын өнер түрі. Біздің әрбір жұмысымыз — көрермендер алдындағы шығармашылық есеп. Жылдар бойы мен аға әріптестерімнің шеберлігін бойыма сіңірдім. Олардың бірі — Қали Байжанов. Мен осындай шеберлерден үйренгеніме қуаныштымын. Қазір білімімді жастармен қуана бөлісемін, — дейді Асанәлі Әшімов.
Театр директоры Еркін Жуасбек Қарағандыға ұжым үлкен труппамен келгенін айтты: 70-ке жуық адам, олардың 40-ы — актерлер. Өздерімен бірге спектакльдерге декорациялар мен бірегей көрме әкелген.
— Қарағанды театрлары жақсы қолдауға ие. Мұнда өтіп жатқан жыл сайынғы фестивальдарға көп театрлар қатысқысы келеді. Тек жеңіс үшін ғана емес, тәжірибе алмасу үшін, — деп атап өтті Еркін Жуасбек.
Баспасөз конференциясында гастрольдік бағдарлама таныстырылды. Қонақтар сондай-ақ заманауи театрға қатысты өз ойларымен бөлісті.
С. Сейфуллин атындағы театр сахнасында бес спектакль қойылады. Репертуар көрермен түрлі жанрдағы, түрлі тақырыптағы қойылымдарды көретіндей етіп таңдалған.
Гастроль 7 сәуірде Мұхтар Әуезовтың пьесасы бойынша «Еңлік-Кебек» трагикомедиясының көрсетілімінен басталды. Айтпақшы, дәл осы шығарма 1926 жылы қазақ кәсіби театрының шымылдығын ашқан. Қазіргі заманғы қойылымда режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков жаңа көзқарасты жүзеге асырды.
8 сәуір күні сағат 18:30-да Бернард Шоудың «Пигмалион» пьесасы бойынша «Сүйікті менің періштем» комедиясы өтеді.
9 сәуірде сағат 16:00-де «Сезім хаттары» атты ақындар кеші, сағат 19:00-де Дулат Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» драмасы ұсынылады.
10 сәуірде Мәдина Омарованың пьесасы бойынша «Ақтастағы Ахико» спектаклі гастрольді аяқтайды. Драманың негізін тыңшылық жасады деген жалған айып бойынша тұтқындалған жапондық Ахико Тецуроның шынайы тарихы құрайды. 10 жыл сталиндік лагерден кейін ол Қазақстанда қалды. Оның екінші отаны Қарағанды облысының Ақтас елді мекені болды.
М. Әуезов атындағы театр мұражай қорынан көрме әкелді. Онда бірегей экспонаттар ұсынылған: фотосуреттер, деректемелер, наградалар.
Олардың ішінде театр әртістері өткен ғасырдың 30—50 жылдары сахнаға шыққан шапандар бар. Олардың бірін Қарқаралы ауданының тумасы, белгілі қазақ актрисасы Шолпан Жандарбекова киіп, сахнада өнер көрсеткен.