BANNER

Ермағанбет Бөлекпаев қарағандылық боксшыларды әлем чемпионатындағы жоғары жетістіктерімен құттықтады

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағандылық боксшылар Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті: Абылайхан Жүсіпов IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанса, Сабыржан Аққалықов күміс жүлдеге ие болды. Спортшыларды сәтті өнер көрсетуімен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтап, оларға ақшалай сертификаттар табыстады.

Өңір басшысы қарағандылық боксшылардың жетістіктері жастарға үлгі екенін және биік мақсаттарға күнделікті еңбек пен тәртіп арқылы жетуге болатынын атап өтті.

— Сіздер жеңіп алған медальдар — жоғары шеберліктің, рух күші мен спортқа адалдықтың дәлелі. Бұл жетістіктер табандылықтың, көпжылдық еңбектің, мықты мінездің және бүкіл команданың кәсіби жұмысының нәтижесі. Сіздер еліміздің намысын абыроймен қорғап, дайындық деңгейінің жоғары екенін, төзімділік пен жеңіске деген жігерді көрсеттіңіздер. Әрбір жеңістің артында ұзақ жаттығу сағаттары, бапкерлердің, ата-аналардың және мамандардың қолдауы тұр. Осы жолда бірге болған барша жанға алғысымыз шексіз. Біз сіздерді мақтан тұтамыз және алда әлі талай жеңіс пен жаңа белестер бар екеніне сенімдіміз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионатының өте жоғары деңгейде өткенін айтты: жарысқа әлемнің ең мықты боксшылары қатысқан. Алтын медальға апарар жолда ол бес жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.

— Жалпы, бәрі жоспарланғандай өтті: әлем чемпионатына дайындық та, жекпе-жектер де. Әрине, қиындықтар болды. Бұған дейін үш әлем чемпионатында жартылай финалда тоқтап, үш рет қола жүлде алғанмын, сондықтан қобалжу болды. Бірақ осы жылдарда жинаған тәжірибе көп көмектесті, — дейді чемпион. — Бір маңызды жайтты атап өткім келеді: 2007 жылы қарағандылық Серік Сәпиев екінші рет әлем чемпионы атанды. Дәл сол жылы мен Абай қаласында бокспен айналыса бастадым. Араға 18 жыл салып, алтын медаль әкелу бұйырды. Бұл мен үшін тарихи сәт. Бұл — балалық арманым еді: алдымен жасөспірімдер арасында, кейін жастар арасында әлем чемпионы болдым, енді ересектер арасында да осы биікті бағындырдым.

Жаттықтырушылар штабының жұмысы да ерекше атап өтілді. Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Дархан Дүйсембеков команданы үш жылдан бері басқарып келеді және өңірлік бокс мектебінің әлеуеті жоғары екенін айтады.

— Қазір басты мақсат — Олимпиада ойындары. Маңыздылығы жағынан екінші жарыс — Азия ойындары. Абылайхан үшін әлем чемпионатындағы мақсат орындалды, ал Сабыржанға сәл ғана жолы болмады — біз Қарағандыға екі алтын алып келуді жоспарлаған едік. Ортақ мақсатымыз — қарағандылық бокс мектебінің даңқын қайта жаңғырту, әр әлем чемпионатында және әр Олимпиадада чемпиондарымыздың болуы. Облыс басшылығы, дене шынықтыру және спорт басқармасы, спорт мектептері мен интернаттар тарапынан қолдау бар. Біздің міндет — жұмыс істеу, жеңіске жету және чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеу, — деп атап өтті Дархан Дүйсембеков.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сабыржан Аққалықов та жарысқа тек жеңіс үшін шыққанын айтты.

— Бокста кейде солай болады: сен жақсы өнер көрсетесің, бірақ жеңісті төрешілер басқа спортшыға береді. Соған қарамастан, әр жарысқа алтынға деген ниетпен шығамыз. Алда — қарқынды жаттығулар және басты мақсат — Олимпиада ойындарында жеңіске жету, — деді спортшы.

Қазіргі таңда боксшылар Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиындарына кірісті. Алда — Жапонияда өтетін Азия ойындары мен Азия чемпионатына қатысу бар. Ал басты сын — 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындары болмақ. Онда қарағандылық боксшылар облыстың ғана емес, бүкіл елдің намысын қорғайды.